Bugin

Отыздан аса адам өлтірген тұтқын бостандыққа шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos.com/ru

Ресейде "Ореховская" ұйымдасқан қылмыстық топтың өлтірушісі, Саша атымен танылған Александр Пустовалов  Тверь облысының Монино ауылындағы қатаң тәртіптегі колониядан босатылды. Бұл туралы  Bugin.kz тілшісі РИА Новости басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, ол 18 қарашада босатылған.

"Звезда" телеарнасының хабарлауынша, Пустовалов БАҚ назарын аудармау үшін колониядан жасырын шығып кеткен. РЕН ТВ Пустовалов бостандыққа шыққанға дейін Торжоктағы колонияға ауыстырылғанын, өлтіруші сол жерден босатылғанын хабарлады.

"Московский комсомолец" газетінің хабарлауынша, Пустовалов 16 қарашада колониядан "жасырын" шығарылған.

Қылмыстық әлем жетекшілері мен тәртіп сақшыларын өлтірген Александр Пустовалов 24 жылын түрмеде өткізді. Ол 1999 жылы 30-дан астам адамды өлтірді деген айыппен қамауға алынған еді.

"Коммерсант" басылымының жазуынша, Пустовалов тергеумен келісімге келіп, оның түрмеде отыруына әсер еткен басқа да қылмыстық істерді ашуға көмектескен.

Қазан айында Тверь облысының Нелидовский ауданаралық соты №9 түзеу колониясының Пустоваловқа әкімшілік бақылау орнатуды сұраған әкімшілік талап-арызын қанағаттандырды. Ол бостандыққа шыққаннан кейін үш жыл ішінде полицияда тіркеуде болады. Сонымен қатар оған Мәскеуден өзге қалаға кетуге және түнде сыртқа шығуға тыйым салынған.

Ресейдің Федералдық қылмыстық атқару қызметінің Тверь облысы бойынша департаменті бұл туралы түсініктеме бермеді.