Bugin
Фото: видеодан кадр
Бір ай бұрын Астанаға әскери борышын өтеуге шақырылған тараздық 18 жастағы жігіттің психикасы бұзылды деген күдікке ілінді. Бірақ сарбаздың анасы әскердегілер осылай әлімжеттікті жасыруға тырысады деп санайды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Балам пойызда ұрып-соға бастағанын айтты. Сосын бөлімшеде бір кіші сержант оны бір бөлмеге алып кіріп, қорқытыпты. Менің баламды ашық ауызсың деп кінәлап, зорлаймыз деп қорқытқан. Бірақ ол жағдаятқа жеткізбей біз баламызды іздеп келдік", - дейді cарбаздың анасы Гүлмира Ұзақбаева.
Әйелдің айтуынша, ұлының денесі көгерген және контузия табылған, екі сержант жас сарбазды балағаттап, белдікпен ұрғанын мойындаған. Оқиғадан кейін әскерге баруға асыққан Жасұлан Ұзақбай қызмет ете алмай қалды. Ол үнемі анасына әлімжеттік көрсетілгенін, "зорлаймыз" деп қорқытқанын және басы ауырғанын шағымданған. Жауынгер бірден Астанадан Тараздағы әскери бөлімге ауыстырылды. Бірақ ол жақта да жағдай дұрысталмаған.
Енді елордалық әскерилер мерзімді әскери қызметшінің психикалық жағдайын анықтамақ.
"Қазіргі уақытта Жасұлан Ұзақбай психикалық жағдайын анықтау үшін Астанадағы бас әскери клиникалық госпитальға жөнелтілді. Анасының ұлына моральдық қысым көрсету, физикалық зорлық-зомбылық көрсетемін деп қорқыту туралы шағымдары бойынша: әскери полиция тергеу жүргізді, ешкімге айып тағылған жоқ", - деді Қорғаныс министрлігіне қарасты Тараз гарнизонының қызметтері Дина Мұхаринова.