Bugin
Фото: Аруна Аманова, tengrinews.kz
Қызылордалық келіншек күйеуімен болған жанжалдан соң мүгедек болып қалды. Оқиға туралы Bugin.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Аруна Аманова мен Ж. 2019 жылы шаңырақ көтерген. Бойжеткеннің айтуынша, күйеуі оны тұрмысқа шыққанына бір ай болғанда ұра бастаған. Әрбір соққыдан кейін ол жылап, қыздан кешірім сұрап, отбасын сақтағысы келетінін айтқан. Аруна да отбасын бұзғысы келмей кешірген.
"2021 жылы ол мені ұрып-соғып, ауруханаға түстім. Сосын арыз жаздым, бірақ ол кешірім сұрап, артымнан жүгірді. Ал мен баламыз үшін кешірдім", - дейді келіншек.
2022 жылдың 4 қарашасында Аруна жұмыстан үйіне оралып, төсекке жатып демалған.
"Күйеуім майор шенін алып, таңғы сағат үште күйеуімнің екі досы оны қолтықтап әкеліп тойлатты. Ол ешнәрсені түсінбейтін мас хәлде болған соң, мен өз күдігім үшін телефонын қарадым. Күдігім расталып, оның сатқындығына дәлел таптым. Телефондағы хабарламаларды көрсетіп, оны оятып сөйлескім келді. Ол бірден мені балағаттап тастады. Көзі қып-қызыл екен. Қорқып кеттім. Ол қол көтеріп, мені тоқтаусыз ұрып-соқты", - деп еске алады жәбірленуші .
Бір кезде күйеуі жатын бөлмеге киім ауыстыруға кетеді. Аруна ас үйге тығылған.
"Мен қараңғыда отыр едім, ол мені тауып алып, қайтадан залға сүйреп кіргізді. Ол басымнан ұрып, шашымнан сүйреді. Мені тұншықтырып, өлтірмек болған сәтте есімді жоғалттым. Есімді жисам, көшеде жатыр екенмін. Досы екеуі төбемнен төніп тұр екен. Маған "неге секірдің?" деді. Мен секіру деп нені айтып жатқанын мүлде ұқпадым. Маған көмектесші деп, су сұрадым",- деді келіншек.
Арунаның қалай құлағаны есінде жоқ. Жәбірленушінің айтуынша, ол кейін жедел жәрдем мен полиция қызметкерлеріне өзін құтқару үшін секіріп кеткенін айтқан. Алайда Аруна мұны қалай және не үшін айтқаны есіне түспеген:
"Мүмкін олар мені қорқытып, мәжбүрлеген шығар. Құлағаннан кейін не болғанының бәрі есімде. Бір жыл өтті, қалай құлағаным әлі есімде жоқ", - дейді ол.
Оқиға кезінде Аруна тоғыз апталық жүкті болған. Келіншек баласынан айырылған, өзі жүре де алмайды. Асфальтқа арқасымен құлап, омыртқасын сындырып алған. Енді Аруна мүгедектер арбасына таңылды. Дәрігерлер қыздың денсаулығы қалай боларын білмейді.
"Ауруханада жатқанымда анам қасымда болып, маған қарады. Осыны пайдаланып, күйеуім дәлел табылмас үшін пәтерді толығымен тазалап тастаған. Ол мені ұрып-соққанда мен қызыл халат киіп жүрген едім. Ол оны жыртып алған, ал мен құлағанда халатсыз болдым. Сосын халат жоғалып кетті, ол оны лақтырып жіберді. Тіпті пәтерде тінту жүргізген жоқ. Іс бір айда жабылды ", - дейді Аруна.
Сондай-ақ, жәбірленушінің айтуынша, үйдегі бақылау камераларының жазбалары жоғалып кеткен.
Жәбірленушінің бұрынғы күйеуі түсініктеме беруден бас тартты.
Қызылорда облысының полиция департаменті тілшімізге бұл факті бойынша 2022 жылдың 4 қарашасында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы (Өзін-өзі өлтіруге итермелеу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Қызылорда облысының полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы жәбірленуші тараптың уәждерін мұқият тексеріп, барлық тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындап, тергеу әрекеттерін жүргізді. Оның қорытындысы бойынша, ҚР ҚК 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес тергеу амалдары жүргізілді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық дәлелдемелерінің болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды. Қаулының заңдылығы мен негізділігі Қызылорда облысының прокуратурасымен зерделеніп, бекітілді. Өткен жылдың, 2022 жылдың 18 қарашасында болған оқиғаға байланысты полиция қызметкері ішкі істер органдары қызметінен босатылды", - деп түсіндірді полиция департаменті.