Bugin
Фото: © Sputnik / Абзал Калиев
Үкімет "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасында 2024 жылға арналған жаңа ең төменгі жалақы, зейнетақы, айлық есептік көрсеткішті ұсынды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Қазір бұл заң жобасы Мәжілісте қабылданып, Сенатта қаралып жатыр. Егер Парламент заң жобасын мақұлдап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойса, 2024 жылдан бастап келесі көрсеткіштер белгіленеді.
Ең төменгі жалақы – 85 мың теңге болады (өсім 15 мың теңгеге өседі). Бұл – жұмыс берушілер жұмысшыларға ең төменгі жалақыдан төмен емес деңгейде жалақы беруге міндетті дегенді білдіреді.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге (өсім 3 874 теңге).
Зейнетақының ең төменгі мөлшері – 57 853 теңге (4777 теңгеге өскен).
Айлық есептік көрсеткіш 3692 теңге (242 теңгеге өсті).
Бұл Қазақстанда зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер өседі деген сөз. Сонымен қатар, айыппұлдар, салықтар және басқа да төлемдердің өсетіні белгілі болды.
Мысалы, бала туылғаны үшін берілетін жәрдемақы. Жәрдемақы мөлшері: бірінші, екінші және үшінші бала туғанда – 38 АЕК. 2023 жылы 131 100 теңге болса, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 140 296 теңге болады. Төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК. 2023 жылы 217 350 теңге болса, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 232 596 теңге болады.
Көліктің жылдамдығын сағатына 10-20 шақырымға асырғаны үшін айыппұл 5 АЕК құрайды. 2023 жылы 17 250 теңге болса, келесі жылы 18 460 теңге болады.
Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін өмір сүру минимумы 43 407 теңгені (өсім 2 840 теңге) құрайды. Өмір сүру құны мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшеріне де әсер етеді.