Bugin
Ақтөбеде "Миллиардер" түнгі клубындағы кісі өліміне кінәлі деп танылған 16 сотталушыға үкім шықты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушылардың бәрі Қылмыстық кодекстің "Адам ұрлау" бабы бойынша ақталды. Сонымен бірге судья Нұрлан Бақтығалиевтің айтуынша, көбі Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабы бойынша емес, "Бұзақылық" бабы бойынша қайта сараланды.
Сотталушы С.Түктібай 17 жылға, Ө.Хасенов 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Е.Серікұлы 4 жыл 6 ай жазасын өтейді. Сотталушылар Бақытов 4, Тукенов 4, Ищанов 4, Қаратаев 4, Урстемов 4 жылға сотталды. Ал Ерманов 3, Мұханбетшәріп, Исенгарин, Жаңбырбаев, Қосанов, Мырзабаев, Жиеналинге 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал айып тағылған кезде кәмелет жасқа толмаған Муканбетжанов 2 жылға бас бостандығынан шектелді.
"Адам өлтіруге оқталу, адам ұрлау айыбы тағылғанымен, сот бәрін негізсіз деп санады. Бұл баптар бойынша барлық сотталушы ақталып отыр. Дәлелденген жоқ. Бұл жерде адам ұрлау дерегі мүлде жоқ. Алдын ала сөз байласу да дұрыс емес. Жәбірленушілер өздері келген, алдын ала келіскен ешкім жоқ. Сол сәтте төбелес басталған. Сотталушылардың бұрын қылмысқа тартылмағанын, кешірім сұрағанын, балаларын ескерді. Сот жазаның түрі мен мөлшерін анықтаған кезде жәбірленушілердің кешірім бермегенін де негізге алды», - деді судья Нұрлан Бақтығалиев.