Bugin

БҚО-да қарт адамды тонағандардың бірі немересі болып шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Polisia.kz.

БҚО-да екі жасөспірім қарт адамды тонап кетті. Күдіктілердің бірі жәбірленушінің немересі болып шықты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Сайт мәліметінше, оқиға қарашаның 16-сы күні сағат 21:40-та болған. Бәйтерек ауданы Приурал полиция бөлімінің кезекшісіне үрейі ұшқан әйел қоңырау шалып, белгісіз біреулер оның әкесіне шабуыл жасап, қалтасындағы ақшасын ұрлап кеткенін хабарлаған. Оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобы мен учаскелік полиция инспекторы жіберілді. Дабыл бойынша полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды.

"Оқиға орнына бара жатқан жолда учаскелік полиция инспекторы жол бойында екі жігітті байқайды, бірақ жігіттер полиция қызметкерінің оларға қарай бет алғанын байқап, қашып кетеді. Алайда полиция қызметкері біреуін танып үлгереді. Оқиға орнына жеткен полицейлер тексеру жұмыстарын жүргізу барысында белгісіз екі жігіттің егде жастағы ерлі-зайыптылар тұратын үйге кіріп, ер адамға дене жарақатын салып, оны тонап, 190 мың теңге көлеміндегі ақшасын ұрлап кеткенін анықтады", - делінген хабарламада.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері 18 және 17 жастағы екі жігітті Дариян ауылында қолға түсірді. Оның бірі жәбірленушінің өз немересі болып шықты. Жауап алу кезінде тонауға барған екі жігіт сол күні Орал қаласынан Дариян ауылына қайтып келе жатқан жолда бірі-бірімен кездесіп, жәбірленушінің немересі қызға сыйлық сатып алу жоспарын досына айтқанын және және бұған досы да келісе кеткенін жеткізді.

18 жастағы күдіктінің қалтасынан тапанша және жиналмалы пышақ, ал 17 жастағы немересінен ұрланған ақша табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта күдіктілер Бәйтерек аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 3-бөлігі (Қарақшылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.