Bugin
Фото: depositphotos.com/ru
Полицияға Көкшетау қаласының 63 жастағы тұрғыны алаяқтық құрбаны болғаны туралы шығыммен хабарласқан. Әйел телефонына, сосын WhatsApp қосымшасына полиция қызметкерімін деп таныстырған белгісіз біреулерден екі рет қоңырау соққанын айтты. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Алаяқтар арызданушының баласы жол-көлік оқиғасын жасап, жаяу жүргіншіні қағып кеткенін хабарлады. Алаяқтар зейнеткерді "ұлыңның қабырғасы сынды, жәбірленушінің жағдайы ауыр" деп шошытқан. Зардап шеккен тарап 300 000 теңге сұраған көрінеді. Қорыққан қала тұрғыны қоңырау шалушыларға ондай соманың жоқтығын айтқан. Қолында 200 000 теңге бар екенін, оны аударуға дайын екенін жеткізген.
Алаяқтар әйелге ақша жіберуге қажетті абоненттік нөмірді берген. Бірақ кейін белгілі болғандай, олар соңғы екі цифрды қате көрсеткен.
Әйел ақшаны терминал арқылы аударады. Содан кейін ғана ұлына телефон соғып, оның жағдайын сұрайды. Ол алаяқтардың құрбанына айналғанын сол кезде ғана білген. Полиция:
"Полицияға хабарласып, жедел іздестіру шараларын жүргізгеннен кейін қызметкерлер ақшаның 31 жастағы Алматы тұрғынына жіберілгенін анықтады. Ол барлық мән-жайды түсіндіріп, ақшаны заңды иесіне қайтарды", - деп хабарлады.