Bugin
Марат Куштыбаев. Фото: zhetysu.gov.kz
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев 27 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінген Талдықорған қалалық ІІБ бастығының ұсталуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Ол Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Бұл жерде менің айтатын ештеңем жоқ, сылтау айтпаймын. Қоғам сенім артқан, қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ететін мемлекеттік құқық қорғау органының басшысы осындай әрекеттерге барса. Бұл ауыр, өкінішті, ұят. Осындай адамдар полиция қатарында болмауы керек. 10 күн бұрын облысымызға Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері келді, қызметтік тексеру жұмыстары жүргізілді", - деді Жетісу облысының әкім.
Облыс әкімі атап өткендей, Жетісу облыстық ІІД бастығы мен оның екі орынбасары қызметінен босатылды.
"Қалған екі орынбасардың қызметтік дәрежесіне сәйкес емес деген шешім қабылданды. Қазір облыстық ішкі істер департаментінің басшысы қызметіне жаңа азамат келді. Қалалық полиция басшысы лауазымына адам іздеп жатырмыз. Министр екеуміз жеке құраммен, қалалық және облыстағы бас басқармада, ішкі істер департаментінде жеке кездесу өткіздік, бұл бейтарап әңгіме болды", - деді Бейбіт Исабаев.