ТӘРБИЕ

Қазақстанда күйеуінен зорлық көрген әйелдердің жантүршігерлік оқиғалары

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

БҰҰ Бас Ассамблеясы шешімімен 25 қараша әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күні деп қабылданды. Осы орайда Bugin.kz тілшісі Қазақстанда 2023 жылы әр ай сайын тіркелген ең шулы тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалардың хронологиялық тізбегін ұсынады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, әлем бойынша әрбір 3-әйел тұрмыстық зомбылық көреді. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын кем дегенде 400 әйел күйеуінің зорлығына ұшырайды. Соңғы уақытта елімізде күйеуінен таяқ жеген, тіпті қаза болған әйелдердің саны көбейген. 

2023 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанда 713 тұрмыстық құқық бұзушылық жасалған, бұл бір жыл бұрынғыдан 4,9%-ға төмен. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактілері бойынша 261 құқық бұзушылық тіркелді, ол 36,6%-ды құрайды. Бұл бір жыл бұрынғыдан 11,8%-ға көп. Денсаулыққа орташа зиян келтіру жағдайлары көбейіп, 255 құқық бұзушылық болған. Сонымен қатар отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың ішінде адам өлтіру (85), денсаулыққа ауыр зиян келтіру (14), өлтіруге оқталу бойынша  (13) факті тіркелді.

Қаңтар. Бұрынғы полиция қызметкері екі күн қатарынан 5 баласының көзінше әйелін ұрған. Жаңа жылдық дастархан дайындап жүрген әйелінің шашынан ұстап, үйдің ішінде денесімен сүйреп қинаған. Басы мен бетінен ұрып, сау жерін қалдырмайды. 2023 жылдың 2 қаңтарында әйелі шыдамай асылып қалады. Артынан балаларына, күйеуіне, ата-анасы мен бауырларына арнап хат жазған. Анасының асылып қалғанын 14 жастағы қызы көріп, әкесіне жылап айтады. Бұрынғы полиция қызметкері балаларына жедел жәрдем шақыруға тыйым салады. Дегенмен 12 жастағы ұлы бой бермей, шақыруын талап етіп жылайды. Тиісті қызмет көрсетілген соң, әйел қалпына келген. Алайда осы оқиғадан кейінгі әйел мен балалардың психикасы туралы дерек белгісіз.

Ақпан. Алматы қаласы Түркісіб ауданында күйеуі әйелін бірнеше ай бойы қорқытып келген. 8 рет арыз жазғанымен, құқық қорғау өкілдері “Сіздер ажыраспағансыздар” деп, арыздың ешқайсысын қабылдамаған. Күйеуінің түрлі қорқынышты әрекеті болған. Бір күні терезені сындырып, қымбат телефонды ұрлап кеткен. Ал бірде сынған терезенің әйнегімен қолын, денесін кесіп, жансақтау бөліміне түскен. Ол үнемі бұрауышты (отвертка) әйеліне және баласына тығып аламын, өзімді де өлтіремін деп қорқытқан. Ақыры әйел анасының үйіне қашып кетеді. Бірақ ол жерден де тауып алып, күн көрсетпейді. Қылмыстық іс қозғалып, тексеру жүргізіліп жатыр. 

Наурыз. Шымкентте 18 жастағы келіншекті күйеуі аямай ұрған. Әйелінің ішіне 2 литрлік бөтелкені лақтырып, ішіндегі баласын түсіріп алған. Ал соңғы рет аяғы ауыр келіншегін ұрып, көшеге тастап кеткен. Оқиғадан соң әйел ауыр жарақат алып, 26 наурызда жан сақтау бөлімінде түседі. Сол күні анасы жағдайды толық біліп, полицияға арыз түсіреді.

Сәуір.  Павлодарда күйеуінің ең жақын досы әйелді зорлаған.Оқиғадан кейін ол еркек үйленіп, той жасап үлгерген.  

Мамыр. Қарағанды облысы Ботақара ауылының АХАТ (РАГС) бөліміне ажырасу үшін келген әйелді күйеуі бірнеше жерден пышақтап тастаған. Деректерге сүйенсек, әйел ажырасу үшін Алматы қаласынан Қарағанды облысына арнайы келген. Бірнеше пышақ жарақатынан кейін әйел оқиға орнында көз жұмды. Қылмыс үстінен іс қозғалып, тексеру жүргізілген.

Маусым. 30 маусымда Атырау қаласы көшелерінің бірінде ер адам әйелді ұрып-соғып, еркінен тыс көлікке сүйреп мінгізіп алып кеткен. Куәгер тұрғындар 102 операторына жағдайды айтып хабарласқан. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде полицейлер аталған Honda автокөлігін Атырау-Қарабатан тас жолынан тоқтатқан. 1987 жылы туған көлік жүргізушісі полицейлерге қарсылық танытқан. Ал көліктегі 1988 жылы туған келіншек бұрынғы күйеуінің зорлық-зомбылық әрекетін жайып салған.

Шілде. 19 шілдеде Ақтөбе қаласында күйеуінен таяқ жеген әйел ауруханаға түскен. Полицияға арызды қыздың анасы жазған. Біраз уақыттан бері әйелін соққыға жыққан күйеуі оған ауруханада да тыныштық бермеген. Анасы қызын күйеу баласы қорқытып, арызын қайтартқызып алады деп алаңдап, істі дұрыс жүргізулерін сұраған. 

Тамыз. Алматы қаласында күйеуі 2,6 және 1,3 айлық балаларының көзінше әйелін ұрып, ауыр жарақаттаған. Басынан бір рет қатты ұрып, 20-25 рет бетінен соғып, оң жақ бетін толығымен езіп тастаған. Алтынайдың сөзінше, күйеуі жедел жәрдем шақырмай, үйден шығып кеткен. Бұрынғы енесі Президент жанындағы істер басқармасының аураханасында дәрігер болғандықтан, анализдерді жоққа шығаруға тырысқан. Себебі, құқықтық-әкімшілік жауапкершіліктен құтылғысы келген. Қазір Алтынай өзінің медициналық білімінің арқасында өз денсаулығы үшін күресіп жатыр. Ал қылмыскерге тек 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын берген. 

Қыркүйек. 14 қыркүйек күні Алматы облысында құмар ойын ойнап, лудоманияға ұшыраған еркек әйелін және екі баласын өлтіріп, артынша үйін өртеп жіберген. Оқиғаны көрген казино қызметкерлері құқық қорғау органына хабарласып, қылмыскерді бірден ұстайды. 

Қазан. 13 қазан күні Алматыдағы қалалық клиникалардың бірінде ем алып жатқан әйелін бұрынғы күйеуі аңдып жүріп, пышақтап кеткен. Қызға 8-10 жерінен пышақ салып, ауыр жарақаттайды. Артынша қыздың қайтыс болғаны хабарланды.

Қараша. 31 жастағы Салтанат 2023 жылдың 16 қарашасында өзі сүйіп қосылған жолдасының қолынан қаза тапты. Күйеуі –бұрынғы экономика минстрі. Шенеунік өз әйелін қала орталығындағы жеке мейрамханалардың бірінде ұрып-соққан. Әйелін ауыр жарақаттағанына қарамастан, жедел жәрдем шақырудың орнына, оның өлгенін күткен. Қазіргі таңда жойылған бейнежазбалар қалпына келтіріліп, тергеу жүріп жатыр. 

P.S. Жоғарыда көрсетілген мысалдар – әр айда шу болған зорлық-зомбылық оқиғалардың бірі ғана. Әр адамның өмірі өзі үшін де, қоғам үшін де қымбат. Оған залал келтіруге, тағдырын тәрк етуге ешкімнің құқы жоқ. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болсаңыз, келесі амалдарды міндетті түрде орындаңыз:

Полицияға (102);
Жедел жәрдем бөліміне(103);
Дағдарыс орталықтарына хабарласаңыз.