БІЛІМ

Міржақып Дулатов жалған жаладан қалай арылды? 

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz

Бүгін – Алашорда үкіметі басшыларының бірі, қазақ ақыны, жазушы, ағартушы-педагог Міржақып Дулатовтың туған күні. Ол 1885 жылы 25 қарашада Торғай облысы, Сарықопа уезінде дүниеге келген. Дулатовтың қазақ үшін еткен еңбегі мен теңдік жолындағы өмірі қиындыққа толы болды. Ол қараңғы халықтың санасын оятып, патша саясатының құрбаны болудан сақтау үшін билікке қарсы шыққан. Еліне, туған халқына адал болған Міржақып жалған жаладан қалай арылды? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Bugin.kz тілшісі ұсынған мақаладан біле аласыздар.

Міржақыптың отарлау саясатына қарсы шығуы ауылда мұғалім болып жүрген кезінен басталған.

Ол 1904 жылы Ахмет Байтұрсынұлымен бірігіп үндеулер жазады. Сол арқылы халықты патшаның отарлау саясатына қарсы күреске шақырады. 

Осылайша, Дулатов Байтұрсынұлының соңынан еріп, революциялық жұмысқа белсене араласады.

Патша күзетшілері соңына түскен Міржақып Зайсанды паналап, сондағы қазақ мектебінде арифметикадан сабақ береді. Одан бөлек, балалардың оқуға деген құштарлығын ашып, тәрбие беру ісімен айналысады. 

Дулатов алғаш рет математикадан "Есеп құралы" деген бес кітап шығарған. Осылайша, "қазақтың тұңғыш математигі" болып тарихта қалған.  

1907 жылы Петербургте өзі бас редактор болған "СЕРКЕ" газеті жарық көреді. Бұл басылым ұлттық сана-сезімді оятуды мақсат еткен. Газеттің екінші санында Дулатов "Біздің мақсатымыз" атты бас мақаласын бүркеншік атпен жариялайды. Осыдан кейін "Серке" газеті шығуын тоқтатты. 

Міржақыптың қаламынан туған шығармаларда әлеуметтік өмір, тарих, дін, тіл, мәдениет, тіпті, халықаралық жағдайлар да қамтылған. 

Қазақ даласын дүр сілкіндірген шығармаларының бірі – "Оян, қазақ!". Бұл жинақ 1909 жылы Орынборда басылып шықты. 

Қалың ұйқыдағы бүкіл қазақ даласын оятуға тырысқан Дулатовты аталмыш отты шығарма алты алашқа танытты. 

Түркияның Тұңғыш Президенті Мұстафа Кемаль Ататүрік Дулатовты ұстаз тұтып, "Оян, қазақты" түрік тіліне арнайы тапсырмамен аудартқан. Кітап 1930 жылы Анкара қаласында жарық көрді. Түріктер Дулатовқа еліктеп, "Оян, түрік!" деген кітап та шығарған деседі. 

Жапондар да оны өздерінің рухани ұстазы ретінде пір тұтқан. Ақын жайлы зерттеу жазып, мақала да жариялаған. Осы жинақ желісімен, ол жақта да "Оян, жапон!" деген кітап басылып шыққан. 

Патша Үкіметі "Оян, қазақтың" қайта таратылуына қарсы болады. "Қазақ оянып кетеді" деп қорқып, Міржақыпты Семейдегі абақтыда бір жарым жыл тұтқында ұстайды.

Ал 1910 жылы ақын "қазақтың тұңғыш романы" саналған "Бақытсыз Жамалды" жазып шығады. 

Осыдан соң 1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлымен бірігіп, ағартушылық-демократиялық бағыттағы "Қазақ" газетін шығарады. 

Қазақтың қарулы күшін мықтап, Ахметпен бірігіп, Алаш әскерін құрады. Сол жылдары аштыққа ұшыраған қазақтарға көмектесу үшін "Жанар" ұйымын ашқан. 

Дулатов 1914 жылы Омбыда Ғайнижамал Баймұратқызына үйленеді. Алаш қайраткерінің бес баласы болған. Бірақ тұңғыш қызы Гүлнәрдан басқасының бәрі шетінеп кетеді.

Міржақып 1928 жылы қазақ зиялыларымен бірге қамауға алынады. 

Оның лагерьде тұтқында жүргенінде шетел асуына көп мүмкіндіктер болған. Бірақ ол Мұстафа Шоқай жіберген кемемен жат елге кетуден бас тартты. 

Дулатов 1932 жылы түркі-орыс сөздігін жазып шығады. Бұл еңбек түрмедегі түркі халқын азаптаудан сақтаған. Яғни, түрме басшысы оларды тіл білмейді деп қорлауын тоқтатқан көрінеді. 

1934 жылы Міржақып лагерьде жүргенде фельдшердің оқуын оқиды. Осылайша, өмірінің соңына дейін Сосновец поселкесінің тұрғындарын да емдеп жазған. 

1935 жылы 5 қазанда Міржақып Дулатұлы осындағы лагердің орталық лазаретінде дүние салды.             

Ақынның қабірі 1990 жылы Соловецк поселкесінен табылды. 

Оның жағы сүйегін елге әкелгенде ғана ажыраған деген деректер бар. 

Ертеректе ақталған Алаш қайраткерлерінің тізімінде Міржақып болмай шығады. Өйткені ақынға Амангелді батырды өлтірді деген жалған айып тағылған еді.  

Халықтың бостандығы мен теңдігін ойлаған Міржақыптың есімін қызы Гүлнәр Дулатова 1988 жылы ақтап алады. Гүлнәр Міржақыпқызының бастамасымен Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейханов та жазықсыз деп танылды. 

Патша заманындағы құлдық сананың әсерінен бе, қазақ әлі толық оянбаған секілді. Ал сіз қалай ойлайсыз, көрермен? 

Дереккөз: Міржақыптанушы Марат Әбсеметов құрастырған "Оян, қазақ" жинағы

Материалды дайындаған: Ғайнижамал Арыстанбек