Bugin
Фото: pexels.com
Екі ер адам такси жүргізушісін кепілге алып, оның туыстарынан ақша бопсалаған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы қалалық полициясы такси жүргізушісіне шабуыл жасаған екі күдіктіні ұстады. Тергеу мәліметтері бойынша, бұрын сотты болған екеу зардап шегушінің туыстарынан 500 мың теңге талап еткен.
Қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 24 қарашада сағат 22.00-де Алматы қаласының тұрғыны "102" пультіне қоңырау шалып, белгісіз біреулер оның жеке тасымалдаумен айналысатын ағасын күштеп ұстап отырғанын және туыстарынан 500 мың теңге талап етіп жатқанын хабарлаған.
"Жедел кезекшілерге Chevrolet автокөлігі туралы анықтама берілді. Бұл көлікті "Буран-307" патрульдік экипажы Жұлдыз ықшам ауданында тоқтатты. Көлік ішінде такси жүргізушісі – 2000 жылы туған М.есімді азамат және 35 пен 38 жастағы екі күдікті болған. Олардың бірі қашуға тырысты. Бірақ ол ұсталып, сыбайласымен бірге қамауға алынды", – деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Еркін Амантаев.