Bugin

Салтанат Нүкенованың ағасы Алматыда өткен митингте жантебірентерлік сөз сөйледі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматыда өткен митингте Салтанат Нүкенованың ағасы сөз сөйледі, деп хабарлайды  Bugin.kz порталы stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Айтбек Амангелді құқық қорғау органдарының әрекетсіздігін және көп мәселеде көз жұмып қалатынын айтты. Сөзінше, қоғам бәрін өз қолына алу керек. 

“Соңғы екі аптада өміріміз төңкерілгендей болды. Адам төзгісіз сезімді бастан кешіріп, жүрегім қан жылады. Қазіргі таңда қауіп алдында тұрған бірнеше қыздың оқиғасын естідім. Қандай қорқынышты әлемде өмір сүріп жатқанымыз есімнен кетер емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан бөлек прокуратура, сот сынды құқық қорғау органдарының әрекетсіздігінен шошимын. Қыздар қолдауға мұқтаж. Біздің әлем қатігез. Бірақ оны кім қатігез етті, біздегі заңдарды кімдер жасады?! Кім жасаса да, олар біздің үмітімізді ақтамады, сондықтан бәрін өз қолымызға алу қажет”, – деді марқұмның бауыры.

Оның айтуынша, жаңа заңдарды шығару үшін жұртшылық өзі әрекет етуі тиіс. 

“Кешке көшеде терезелерге қараймын да, бұл терезенің ар жағында қанша әйел қиналып жатыр екен деп ойлаймын. Біз бұл туралы білмейміз, білсек те, мән бермейміз. Егер әлемді өзгерткіміз келсе, оны өзімізден бастауымыз керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы ашық айту қажет. Үндемей отыра берсек, ештеңе өзгермейді”, – дейді ол.

Ол “Немолчи” қорына жасалған қысым туралы айта өтті.

“Әйелдерді қолдайтын ұйымды қыспаққа алып, қазір олардың шоттарын бұғаттауда. Еш себепсіз қысым жасап жатыр, дәлелсіз олардың үстінен шағымдануымызды сұрап жатыр. Тіпті маған да тергеушілер осы қордың үстінен арыз жазуымды сұрады. Бірақ “Немолчи” қорынсыз мыңдаған қыз қолдаусыз қалады”, – деді Айтбек Амангелді.

Ол Салтанаттың әруағы үшін соңына дейін тырысатынын айтты.

“Бір жылдан кейін Салтанаттың бейітіне келгенде, “біз бір нәрсені өзгерте алдық” деп қысылмай айта аламыз деп сенемін. Оған жақсырақ, мейірімдірек, жанашыр бола бастадық деп айтқым келеді. Өзгерісті бүгіннен бастайық. Адам төзгісіз нәрсені көргенде, үнсіз қалмайық”, – деді ер адам.