Bugin
Фото: depositphotos.com/ru
Жамбыл облысында 12 жасар қызға заңсыз түсік жасату фактісі бойынша полицейлер сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Orda.kz тілшісіне Талас аудандық прокуратурасы растады. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Orda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Талас аудандық ішкі істер бөлімі Жаңатас қаласының 12 жастағы тұрғынына қатысты ҚР ҚК 319-бабының 3-бөлігі "Заңсыз түсік жасау" бойынша қылмыстық іс тергеп жатыр", - деп хабарлады ведомствода.
Айта кетейік, бұл оқиғаға қатысты үшінші қылмыстық іс қозғалып отыр. Біріншісі – аудан депутатының күйеуі күдікке ілініп, кәмелетке толмаған баланы зорлау ісі. Екіншісі, қылмыс фактісін жасырған мектеп қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс.
Аудандық мәслихат депутатының 55 жастағы күйеуі оқушы қызды зорлады деген күдікке ілінген. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс 2022 жылдың жазында болған. Сол жылдың қараша айында қыздың анасы қызын Жаңатас қаласындағы мектеп-интернатқа ауыстырады. Директор мен мұғалімдер оқушының жүктілігі туралы білген. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, болған жайды анасына ескертпестен, баланы жасанды түсік жасату үшін жеке емханаға жіберіп, ота шығынын өздері төлеген. Бұл фактіні оқиғаға қатысушылардың барлығы тергеуде растады.
Қыздың анасы полицияға 2023 жылдың мамыр айында ғана арызданған.