БІЛІМ

"Соңғы және тұңғыш президент": Назарбаевтың жұрт біле бермейтін құпиялары

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: bugin.kz / Айгерім Әділханова

Қарттық келгенде адам ағзасының мүмкіндігі азая түседі. Кейбір адамдар, керісінше, қартайған сайын мүмкіндігін кеңейтіп, жаңа дағдыларды меңгеруге бейім келеді. Bugin.kz тілшісі жыл өткен сайын жасарған Нұрсұлтан Назарбаевтың жұрт білмейтін қырлары туралы хабарлайды.

Соңғы және алғашқы президент

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР-дың соңғы президенті ретінде тарихта қалды. Ол тәуелсіз Қазақстанның басшысы қызметіне 1991 жылы 1 желтоқсанда 51 жасында сайланды. Сайлау жалғыз үміткердің қатысқанымен есте қалды. Айтулы науқанға Назарбаевпен қарсылас ретінде ақын, "Невада-Семей" қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов және диссидент, қоғам қайраткері Хасен Қожахмет қатысады деп күтілген еді. Олжас Сүлейменов сайлаудан өзі бас тартса, Хасен Қожахмет тиісті қол жинай алмады.

2011 жылы 1 желтоқсаннан бері “Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті күні“ мереке ретінде аталып келеді. Біз Нұрсұлтан Әбішұлының саясаттан тыс тұлғасы туралы сөз қозғауды жөн деп таптық.

“Жазушы” Назарбаев

Назарбаев – 30-дан аса кітаптың авторы. Жуырда ол “Менің өмірім” кітабын жарыққа шығарды. Кітап әлі сатылымда жоқ. Дегенмен дәл қазір кітап саясаткерлер мен журналистердің қолында бар. Кітапта тұңғыш президент алғаш рет екінші отбасы бар екенін айтады. Осыған дейін жазылған саяси және тарихи еңбектерден бұл жолғы кітаптың “болмысы” бөлек.

Әбішұлының жазуынша, оның екінші некесінен екі перзенті бар. Осыған дейін жұрт тек 3 қызы барын білетін. Тауман есімді ұлы 2005 жылы, ал Бәйкен 2008 жылы дүниеге келген. Тұңғыш ұлы дүниеге келгенде, Назарбаев 65 жаста болған.

Теннисші Назарбаев

Тұңғыш президент жас кезінде күреспен айналысып, волейбол ойнаған. Қырықтың қырқасынан асқанда тенниске қызығушылығы артқан. Кортта еркін ойнап, ракетаны жетік меңгерген. Ел басқарған уақытында қазақстандық теннисшілерді қолдап, бірнеше рет матчқа көрермен ретінде қатысқан. Кордтың ашылу салтанатында жас спортшымен теннис ойнаған видеосы желіде кеңінен тараған еді. Оның кордтағы ең атақты қарсыласы Ресейдің тұңғыш президенті Борис Ельцин болған.

Гольфші Назарбаев

Ол ел басқарған тұста саясаткерлер арасында турнирлер өтіп тұратын. Өзі де гольф сайыстарынан тысқары қалмай қатысатын.

"Бурабай" гольф клубының ашылу салтанатында ол гольф алаңы туристердің көбеюіне ықпал ететінін айтқан. Назарбаев бір сұхбатында: 

"Мен спортпен тұрақты түрде шұғылданамын. Бұл мен үшін қалыпты жағдай, үйреншікті әдетіме айналып кеткен. Теннис ойнаймын, әсіресе, жазда атқа мінгенді жақсы көремін. Тау шаңғысымен айналысамын. Күн сайын 45 минутымды аэробика мен фитнеске арнаймын", - деген еді .

Шаңғышы Назарбаев

Тұңғыш президенттің айтуынша, 55 жасында алғаш рет шаңғы спортын өзі үйренген. Елдің бірнеше курорттық аймақтарында шаңғы теуіп сергігенді ұнататын болған. Бір сұхбатында атқа мінгенді де жақсы көретінін айтқан. Тіпті, сурет те салған.

Назарбаев балық аулағанды, домбыра шертіп, ән айтқанды ұнатады. Суда жүзуді де жаны сүйеді. Ол халықпен кездесулерінде көппен бірге билеп, жұртты тәнті ететін. Ол – қазіргі әнұранның авторларының бірі. Ақындық, сазгерлік қабілеттері бар.

Дереккөз: Хабар 24 арнасы, sputnik.kz сайты