МӘДЕНИЕТ

Мұхтар Әуезовтің футболшы болғанын білесіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова

Мұхтар Әуезов – қазақтың алғашқы футболшыларының бірі. Ол қазақ даласында тұңғыш құрылған "ЯРЫШ" футбол клубының белді мүшесі болған. Bugin.kz порталы бұл жайында қызық деректер ұсынады.

Николай Николаевич Купрянов атты саудагер 1912 жылы Семейге келген. Мұхтар Әуезов қазақ балаларының ішінен осы Николаевичке бірінші болып жол тапқан екен. Бұл туралы жазушыны ағасы Ахмет Әуезов өзінің 1967 жылы жарық көрген "Бала Мұхтар" атты кітабында жазған. Қазақ баласының футболға деген ерекше қызығушылығын байқаған Н.Николаевич Мұхтарды қуана қарсы алып, сол заманда таптырмайтын қақпа сеткасы мен бір доп беріп, ойын тәртібі мен ережесін мұқият түсіндіріпті. Сөйтіп, бұған дейін жергілікті етікшіге былғарыдан тіктірген доптары көңілдеріне онша қонбай жүрген Мұхтарлар футбол ойынын қуана жалғастырған. Сондай достарының арасында өзімен училищеде бірге оқитын Абайдың немере бауыры Даниял Ысқақов та болған екен.

"Ярыш" Семейдегі алғашқы клуб болған. "Ярыш" татаршадан аударғанда жарыс деген мағынаны білдіреді. Бұлардан кейін гимназистер мен студенттердің "Олимп" командасы жасақталған "Ласточка", "Орлята" секілді клубтар құрыла бастаған. 

Мұхтар Әуезовтің футболшылығын зерттеген Өмірзақ Сұлтанов өзінің "Мұхтар Әуезов және спорт өнері" кітабында біраз қызықты тарихи фактілерді келтіреді. 

"Арада біраз уақыт өткеннен кейін мұсылман жастарынан тұңғыш "Ярыш" (жарыс) атты футбол командасы құрылып, оның құрамында қазақ, татар, өзбек балалары болды. Бұл 1913 жылдың күз айы еді. Алғашқыда әртүрлі өз киімдерімен ойнаған Мұхтарлар келесі жылдың көктемінде ақша жинап, біркелкі спорттық киім сатып алады. "Ярыштың" алғашқы үлгі киімі жасыл майка, қара трусы болды”, - деп жазады.

Мұхтар ағаның қалай ойнағанын сол кездегі командалас досы Салах Хисматуллин былай деп еске алады: 

"Мұхтар "Ярышқа" 1913 жылдың күзінде келді, екеуміз жасөспірімдер командасына кірдік. Ол 16 жаста, мен 15-те болатынмын. Мен шабуылшы, Мұхтар жартылай қорғаушы міндетін атқарды. Ол ерекше ынтамен өте жақсы ойнайтын. 1914 жылдың күзінде біздің жасөспірімдер командасы  гимназистердің ең күшті командасымен кездесіп, жеңіске жетті. Сонда қарсыластар қақпасына бірінші доп түсірген Мұхтар болатын" (С.Хисматуллин, "Семей таңы" 29.04.1977 ж.).

Командада Мұхтар көбіне жүлделілер қатарынан көрініпті. Футбол командасы кейін ерікті спорт қоғамына айналып, "Ярыш" қабырға газетін шығарған. Газеттегі футбол, спорт мәселесі ғана емес, оларға арналған әзіл-сықақ, сын-сатиралар да жарияланды. Мұндағы барлық материалдарды жас Мұхтар жазған. 

Мемлекет қайраткері Ілияс Омаров Мұхаң туралы естелігінде: "Мұхаң дүние салардан бір жеті бұрын көңілін сұрауға Мәскеудегі емханаға бардым. Ол бір топ кісімен бірге теледидардан біздің футболшыларымыздың түріктермен ойынын көріп отыр екен. Ойын біткен соң, екеуміз далаға шықтық. Мұхаң ренжіген реңмен: 

- Ойын нашар өтті, қызғылықты болмады, - деді. 

- Дегенмен біз жеңдік қой, - дедім.

- Пәлі, сондай жеңіс бола ма екен, бірде бір, нөл деген немене? Ойында қызғылықты сурет болған жоқ, тапқырлық кездеспеді, борсалаңдап жүгіре бергенді мен жаратпаймын", - деді.

Мұхаңның бұрын футбол ойнағанын білмейтінмін. Сондықтан ол жолы керемет жанкүйерлігіне таңғалдым", - дейді (І.Омаров. "Сөз қадірі", "Біздің Мұхтар", Алматы, 1970 ж).

Дереккөз: "Тұмар" журналы, 2012 жыл, ақпан