Bugin

Шымкент тұрғыны қыздарды саудалап келген

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: pexels.com

 

Шымкент тұрғыны қыздарды саудалап келген, деп хабарлайды  Bugin.kz порталы Астана арнасына сілтеме жасап.

Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында Бахрейн Корольдігінің қонақ үйлерінде "Адам саудасы" және "Кәмелетке толмағандардың саудасы" жөніндегі қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағым қаралды.

Бахрейн Корольдігінде екі қазақстандық қызды интимдік қызмет көрсетуге мәжбүрледі деп айып тағылған Шымкент қаласының 24 жастағы тұрғыны наурыз айында қамауға алынған болатын. Оған ҚР ҚК 128 "Адам саудасы" және ҚР ҚК 135 "Кәмелетке толмағандар саудасы" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аяқталғаннан кейін іс сотқа берілді.

Сотталушының бірнеше ай бұрын дүниеге әкелген баласының барын ескере отырып Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушы сотта өзінің кінәсін мойындамады. Оның қорғаушысы апелляциялық шағым түсіріп, үкімге шағымданды.

Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі өзгеріссіз қалдырылып, апелляциялық шағым қанағаттандырылған жоқ.

"Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 қарашадағы қаулысымен сотталушыға қатысты Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Бірінші инстанцияның үкімімен ол 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіліп, жазасын жалпы тәртіптегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болды. Үкім заңды күшіне енді", - делінген Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.