Bugin

Қарағандыда антибиотик еккен соң ер адам көз жұмды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: pexels.com

Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасында 40 жастағы ер адам анафилактикалық шоктан қайтыс болды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Астана арнасына сілтеме жасап.

Оның антибиотикке аллергиясы болғаны анықталды. Жоспарлы операция алдында науқасқа медбике тамыр арқылы цефтриаксон дәрісін енгізіп, содан көз жұмған.

Қайғылы оқиға 8 қарашада болған. 40 жастағы Төрежан Мақашевке жоспарлы ота жасау керек еді.

Облыстық клиникалық аурухана анафилактикалық шоктан жоспарлы ем алу кезінде науқас көз жұмғанын растайды.

"Науқасқа операция кезінде ықтимал асқынуларды болдырмау үшін профилактикалық мақсатта Цефтриаксон препараты тағайындалды. Науқастың "Цефтриаксон" препаратына аллергиясы бар екендігі туралы айтылғанын ескере отырып, клиника дәрігерлері аллергологиялық және иммунологиялық көмек көрсету стандартының талаптарына сәйкес оны енгізер алдында теріішілік аллергиялық сынақ тағайындады, ол теріс нәтиже көрсетті. Науқастың амбулаториялық картасында аллергиялық реакцияның болуы туралы деректер болған жоқ", - деп хабарлады Облыстық клиникалық ауруханада.

"Цефтриаксон" препаратын көктамыр арқылы енгізгеннен кейін ер адамда анафилактикалық реакция пайда болған.

"Реанимация дәрігерлерінің барлық күш-жігеріне қарамастан, науқас қайтыс болды. Облыстық клиникалық аурухананың Денсаулық сақтау саласындағы НҚА талаптарына сәйкес дәрілік препаратты қолданудың жағымсыз салдары туралы Ұлттық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығына хабарлама, Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде өлім туралы шұғыл хабарлама жіберілді", - деп толықтырды Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасында.

Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта Қарағанды облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық қызмет сапасын бақылау комитеті жоспардан тыс тексеру жүргізуде.

Тексеру нәтижелері бойынша шаралар қабылданады.