Саясат
Тәжікстандағы сұрапыл ұрысқа 24 жыл
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com1992 жылы Тәжікстанда азамат соғысы бұрқ етті. Елде билікке таласушы екі тараптан бөлек түрлі радикалдық топтар пайда болды. Тәжік-ауған шекарасы бақылаусыз қалып, Орталық Азия елдеріне есірткі ағымы еселеп артты. Осы ретте Қазақстан тарапы елдегі жағдайды тұрақтандыру мақсатында Тәжікстанға бітімгерлік күштерді аттандырды. Жалпы жиынтығы Тәжікстанда 11 мың Қазақстандық бітімгерлік күштерінде әскери борышын өтеп қайтты.
1995 жылдың, 7 сәуірінде тәуелсіз Қазақстан тарапы өз тарихында болмаған үлкен әскери шығынға ұшырады. Тәжік-ауған шекарасы маңындағы Пшихавр асуының бойындағы Пяндж өзенінің маңында әскери тексеру бекетін орнату мақсаты қойылған еді. Ауғанстаннан Тәжікстанға аталмыш аймақтан содырлар мен қару-жарақ бақылаусыз өтіп тұрған болатын. 7 сәуір күні сол әскери бекетті тексеру мақсатында сарбаздар әскери техникамен жолға шықты. Пшихавр асуына келген сәтте, әскери техника тізбегі тоқтатылып, бөлімше командирлері асудың үстіне шығып, аймақты бақылауды ойластырды. Көліктен түсіп, асуға көтеріле берген сәтте жан-жақтан оқ қарша борады. Асуға көтеріле берген бөлімше командирлерінің бірнешеуі әп-сәтте мергендер оғынан қаза тапты. Техника маңындағы сарбаздар да оққа ұшты. Автоматтан оқ жаудырылып, граната мен гранатомет дүрсілдеп жарылып жатты. Әскери техника отқа оранды.
Алайда Қазақстанның бітімгерлік күштері тез арада есті жиып, қарсыласпен қиын-кескі ұрысқа түсті. Жауынгерлер жаралы сарбаздарды алып шығуға тырысты. Әр тастың түбіне бекініп, қарсыласты үлкен шығынға ұшыратты. Бітімгерлік күштерден мұндай жауап күтпеген қарсыластың әбдіреп қалғаны тағы бар. Ұрыс 5 сағатқа созылды. 5 сағат өткен соң, Ресей Федерациясының арнайы күштері бітімгерлерге көмекке келді. Бұл ұрыста Қазақстан бітімгерлік күштері 17 сарбазынан айырылып, 33 жауынгер жараланды. Ал Ресей тарапын қоса алғандағы қаза тапқандар саны 115 адам болатын.
Қазақстанның бітімгерлік күштері нағыз ерлік пен өрліктің жарқын үлгісін көрсетті. Тәжік тауларында оққа ұшқан оғландардың көзсіз ерлігі ұмытылмақ емес.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61