Bugin
Фото: Getty Images
Ерлер әйелдерге қарағанда тұмаумен жиі ауырады. Оларда тамақ ауруы мен буын ауруы жиі кездесетінін британдық диетолог Дженна Хоуп айтты. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі mirror.co.uk сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Дәрігер ерлердің тұмаумен көбірек ауыратыны олардың физикалық ерекшеліктерімен байланысты екенін айтты. Ол ерлердің жыныстық гормоны тестостерон иммундық жүйенің белсенділігін төмендететінін жеткізді. Сондықтан суық тию мен тұмаудың белгілері әйелдерге қарағанда тезірек сезілетінін және ұзаққа созылатынын түсіндірді.
"Еркектер шынымен әйелдерге қарағанда ауырған кезде көбірек қиналады", - деді Хоуп.
Басылымның мәліметінше, мұны Гарвард университетінің зерттеуі де растаған. Онда ғалымдар иммунитетті көтеретін эстрогеннің жетіспеушілігінен ерлердің ауруға жиі шалдығатынын анықтады.
Бұл ретте диетолог әйелдердің иммундық жүйесі төзімдірек екенін айтты. Оның айтуынша, бұл ерекшелікті эстроген және прогестерон гормондары қамтамасыз етеді, олардың деңгейі ерлерге қарағанда әйелдерде әлдеқайда жоғары.
Дәрігер 8 сағаттық ұйқы ағзаны вирустардан жақсы қорғауға көмектесетінін ескертті.