Bugin
Фото: pexels.com
"Байқоңыр" кешені прокуратурасы жаяу жүргіншінің өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Kazinform сайтына сілтеме жасап.
"Kia Cerato" автокөлігінің 35 жастағы жүргізушісі Байқоңыр қаласы 6-ықшамаудандағы Гагарин көшесі бойымен келе жатып, жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан азаматты қағып кетті.
Қатты жылдамдықпен әйелді қағып кеткен сәт көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Апат салдарынан өміріне қауіп төнерлік ауыр жарақат алған жаяу жүргінші ауруханаға жеткізілді.
Кейінірек ол отадан кейін комада болып, қайтыс болғаны белгілі болды. Оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр.
Тергеу кезінде жол-көлік оқиғасына кінәлі тұлғаның әрекетіне қылмыстық-құқықтық баға беріледі.
Істі тергеу барысы ерекше бақылауға алынды, деп атап өтті "Байқоңыр" кешені прокуратурасы.
Өкінішке қарай, мұндай жағдай Байқоңырда бірінші рет болып тұрған жоқ.
Екі апта бұрын ғана көлік жүргізуші жолаушымен әңгімеге алаңдап, жаяу жүргіншілер жолы арқылы өтіп бара жатқан екі азаматты қағып кеткен болатын.
Екеуі де ауыр жарақат алды.
Кейінгі кездері қала аумағында осындай оқиға жиілеп кеткендіктен кешен прокуроры Александр Трифонов барлық мүдделі құрылымның қатысуымен ведомствоаралық жиналыс өткізу жөнінде шешім қабылдады.