Bugin

Атырауда жас ана өліміне айыпталған 6 дәрігерге үкім шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: pexels.com

Атырауда жас ана өліміне айыпталған 6 дәрігерге үкім шықты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Астана арнасына сілтеме жасап.

Атырауда бір топ дәрігерге үкім шықты. Төртінші сәбиін босанған соң аурухана төсегінде көз жұмған 37 жастағы Гүлдана Хинатулланың өліміне 6 дәрігер айыпталған еді. Атырау қалалық №2 соты екі жылға тарта тергелген іске нүкте қойды. Медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметін тиісінше орындамау бабы бойынша жалпы тәжірибелік дәрігер кінәлі деп танылып, оған 2 жыл алты ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

"Абдалимов Құсниден Қылмыстық Кодектсің 317 бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 3 жыл мерзімде дәрігерлік қызметпен айналысу құқынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жаза өтеу орны болып, Қылмыстық Атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесі тағайындалсын"-дейді Атырау қалалық сотының судьясы Элмира Ойқұлова.

Сондай-ақ акушер – гинеколог пен инфекционист дәрігерге 2 жыл 6 ай шартты жаза кесті. Ал қалған үш ақ халатты: №2 облыстық аурухана бас дәрігері орынбасарының міндетін атқарушы, жан сақтау бөлімінің меңгерушісі мен дәрігер инфекционист толықтай ақталды. Үкіммен келіспеген марқұм келіншектің жолдасы көзіне жас алды.

Айта кетейік, қайғылы оқиға былтыр қаңтар айында болған еді. Төртінші сәбиін босанғаннан кейін жағдайы нашарлаған Гүлдана Хинатуллаға екінші рет ота жасау кезінде жан сақтау бөлімшесінде көз жұмған болатын.