Bugin
Фото: polisia.kz
Семейде өзін "блогермін" деп таныстырып, алаяқтық жасап келген күдікті ұсталды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Күдікті жолаушы сияқты пойызға отырып, өзінің жеке пайдасы үшін жолаушылар тасымалы саласындағы бұзушылықтарды телефонына түсіріп, ақша бопсалауға пайдаланған.
ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс:
" Бұл қылмыс ұзақ уақыт бойы полиция қызметкерлерінің назарынан тыс қалды, себебі жәбірленушілер қорқып, құқық қорғау органдарына жүгінбеген. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына "сигналдар" түсе бастағаннан кейін ғана күдіктінің заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойылды. Қаскөй ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды", -деді.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша жолаушылар пойыздарының 60-тан астам қызметкері жәбірленуші ретінде танылды. Алдын ала тергеу нәтижесі бойынша ұсталған адамның банк шоттарына 2021 жылдан бері 48 млн теңгеден астам қаражат түскені анықталды. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.