Bugin

"Олар ойларына келгенін жасайды": солдат әскерде қалай ұратынын айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Азаттық радиосы

Алматы облысына қарасты №3660 әскери бөлімінің сарбазы әскерде өзін күнде ұрып-соққанын айтты. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

20 жастағы Сапархан Қауынбай биыл мамыр айында әскер қатарына алынған. Алматы облысы Ұлттық ұланының 3660 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүр. Сарбаз өзін күнде ұрып-соғатынын айтты. "Басымнан ұрады, ішімнен тебеді" дейді.

«Бізден алты ай бұрын келгендер бізді ұрады, тебеді. Олар ойларына келгенін жасайды. Бізді өздерінен қорқып жүрсін деп ұрады. Дәрігерлер апта сайын денемізді тексереді. Бірақ олар бізді тез өткізіп жібереді", – дейді Сапархан.

Әкесі Ғани Алтаев прокуратураға шағымданған. Себебі бір-екі күн бұрын баласы үйге келгенде есінен танып қалған. Әкесі ұлының әлсіреп, арықтап кеткенін байқаған. Жәбірленушінің әкесі:

"Балам бес ай бойы бұл туралы айтпады. Жігіт қой енді, намыстанған. Салмағы 78 келі еді, кеше 67 келі болды. Баламның бойындағы өзгерістерді байқадым. Жылап, бәрін айтып берді. Таяқ жегендер жазасын алсын. Мен ұлымды әскерге ұрып-соғу үшін жіберген жоқпын. Ол өз еркімен Отан алдындағы борышын өтеуге кетті", - дейді .

Осы мәселеден соң, Сапархан мен оның қасындағы сарбаздарды дәрігерлер томографияға түсірді. Нәтижелері 6 желтоқсанда шығады.

"Ұрғанын айтып, шағымдансаң, "тоқылдақсың" дейді. Ротадағы балалардың өзі шеттетіп, араласпай қояды. Сол үшін ешкімге айтпадық. Ұйқытауға жатар алдында бәрі ұрады. басыңды еңкейтіп кіруің керек. Іштен таяқ жеп шығуың керек. Бәрін ұрып шығады", – дейді солдат.

Осы арыздан кейін Сапархан басқа бөлімге ауыстырылды. Бөлімше командирі бұл жағдайды жоққа шығарды. Азаттық тілшісінің сауалына:

"Ондай жағдай жоқ. Сарбаздар тарапынан да, әскерилер тарапынан да қысым жоқ. Оны әскери тергеу бөлімі анықтайды. Бірақ мен командир ретінде ондай фактілердің жоқтығын растаймын", - деді 3660 әскери бөлімінің әскери қолбасшысы Жанкелді Әбдіқадыров.