Bugin
Фото: pexels.com
Тараз қаласының 25 жастағы тұрғыны зейнеткерлерді 11 миллион теңгеге алдап кеткен, деп хабарлайды Bugin.kz тілшісі zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Жас жігіт адамдарды алдау сызбасын ойлап тапқан.
Күдікті жалғызбасты зейнеткерлердің үйіне келіп, өзін әлеуметтік қызметкермін деп таныстырған. Өзіне сендіріп алған жәбірленушілерге қалалық әкімдіктен тегін берді деп, азық-түлік әкеліп берген.
Бір сөмке азық-түлікті табыстағаннан кейін ол зейнеткерлер мен олардың жеке куәліктерін фотосуретке түсіріп, бұл шара басшылыққа есеп берудің қажетті рәсімі екеніне сендірген.
Содан кейін жас жігіт банк қосымшасының "онбордингін" (биометрия) тексеру кезеңінде зейнеткерлердің фотоларын пайдаланып, олардың құжаттарымен несие рәсімдеген. Осылайша ол 7 зейнеткерді алдап, оларға жалпы сомасы 11 миллион теңге материалдық шығын келтірген.
Жас жігіт түскен ақшаны өзінің қарыздарын өтеуге жұмсаған. Қалалық соттың үкімімен жалған әлеуметтік қызметкер 5 жыл жазасын өтеу үшін қауіпсіздігі орташа колонияға жіберілді.