МӘДЕНИЕТ
Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
Бояудың сырын, қылқаламның құпиясын меңгерген адамдардың жұмысы қанша ғылыми еңбекке негіз болып жүр. Соңғы кезде бұл сала терапия деңгейінде қаралып жатыр. Адамдар сурет салу арқылы мәселесін шешіп, дертінен айығуда. Бұл салаға қызығып, Bugin.kz тілшісі арт-терапия маманы, психолог Мадина Қуатбековамен әңгімелесті. Спикер адамдарға қалауын анықтауға, өзін тануға, қаржылық, отбасылық мәселелер шешуге консультация береді.
Арт-терапия деген не?
Арт-терапия науқас адамның психо-эмоционалды халін шығармашылық арқылы емдеу. Қысқаша айтар болсақ, арт-терапия – өнермен емдеу.
Кімдер арт-терапия арқылы емделе алады?
Арт-терапия стресс пен депрессияда жүрген адамдарға жақсы көмек береді. Кез келген ауру не себепті пайда болады? Адамның ішкі халі, жанның психо-эмоционалды жағдайы денсаулығына қатты әсер етеді. Қорқыныш, үрей, наркологиялық аурулар, құмар ойынына тәуелділік, сары ауру, туберкулез – мұның бәрі, ең бірінші, психолог маманға жүгінбей, стресс жағдайынан шыға алмағанда кездесіп жатады.
Ал стресс неден басталады? Адам жайдан-жай күйзелмейді, бір ауруға шалдықпайды. Оның алдында стресс жағдайы туындап, аурулар пайда болады. Егер адам өз күйіне мән бермесе, ауру күшейе береді. Ең осал жерінен аурудың түрі де көбейіп, сатысы да өсе береді.
Сурет арқылы мұны қалай емдеуге болады?
Ғылыми зерделенген тұрғыда айтар болсақ, адамның санасын өзгерту, алдау арқылы терапия өтеді. Терапияда сурет пен музыкотерапияны қосып өткіземіз. Салған сурет арқылы консультация береміз. Консультация барысында адамның ішкі дүниесіндегі құбылыстарды бақылауға болады.
Арт-терапияның (сурет бөлімінің) неше түрі бар?
Біріншісі, сурет салатын маманмен қосылып сурет салуға болады. Ол кезде адам не бейнелейтінін өзі таңдайды.
Екіншісі, бояуларды бір-бірінің үстіне құю арқылы сурет салады. Әр бояудың 100 грамм, 200 грамм деген секілді мөлшері бар. Ол жердегі маңызды дүние – пациенттің қандай түс таңдайтыны.
Үшінші әдісі, клиент салған суретінімен бірге келеді. Көбіне кішкентай балалардың суретін аналары алып келеді. Балада қандай жағдай екенін, ішкі халін аналарға айтып береміз.
Негізі баламен бірге ата-анасы да қосылып келгені жөн. Арт-терапияны отбасымен бірге өткізген дұрыс. Кез келген шаңырақтағы мәселені бала өзіне ауыр қабылдайды. Сол бала арқылы үйдегі жағдайды, әкесінің халін, анасының психо-эмоцианалды жағдайын білуге болады.
Мен суретші емеспін, қалай сурет саламын?
Ешкім суретші емес. Пациенттердің 100 пайызының тек 10 пайызы ғана сурет сала алады. Ешқашан сурет салмаған адамдар да арт-терапияға жүгініп, сурет салса болады. Ол кезде қандай сурет таңдады, қандай түстер қолданды деген фактілер маңызды. Түстер арқылы адамның күйін білуге болады. Ал не салғаны екінші ретте қаралады. Адамның салған суреті ұқсамаса да, ол айтып, ескерте алады. Мен мына нәрсені салғым келген, ұқсата алмадым деп айтады.
Арт-терапияда салған сурет арқылы адамның жанындағы ақпараттарды анықтауға мүмкіндік бар. Ішкі дүниесіндегі болып жатқан құбылыстар нақтыланады. Психосоматика деген бір күнде болатын нәрсе емес. Ол – тығырыққа тірелген, көптен бері шешілмеген мәселесін шеңберге салынған дүние. Өзіне дүниеде болып жатқан нәрселерден шектеу қойып, ешқайда шықпайды.
Арт-терапия кішкентай балаларға қалай көмектеседі?
Арт-терапияның кішкентай балаларға көмегі көп. Оның ішіндегі тұнып жатқан көп қабілетін сыртқа шығаруға көмектеседі. Баланы тұрақтылыққа, жылдамдыққа үйретеді. Шығармашылық, ойлау қабілетін жоғарылатады. Агрессиясын басады. Гиперактив балалардың мазасыздығын азайтады. Арт-терапия арқылы баланың қандай қабілеті бар екенін анықтап, бағыт беруге болады.
Арт-терапия балаға болашақта мамандық таңдауға да көмектеседі. Себебі бала нақты не қалайтынын, не ұнататынын талдауға болады.
Арт-терапияның ересек адамдарға қандай пайдасы бар?
Таңдау тұрғысынан арт-терапия үлкен адамдарға да көмектеседі. Адам өзінің ішкі жанын, қалауын білмеуі мүмкін. Осы терапия арқылы адамдар өзін таниды. Сүріп жатқан өмірі негізгі қалауы емес екенін түсінеді. Өмірін қалай жақсы жаққа дамытуға, қандай дәрежеге жетуге болатынын консультация арқылы анықтайды.
Музыкотерапия, ертегі терапия, кинотерапия секілді арт-терапияның түрі көп. Әр адамға индивид ретінде қарап, жеке терапия түрін таңдаймыз.