Bugin
Фото: видео скрині
Төменгі класс оқушысын сабап тастаған оқушының ата-анасы жауапқа тартылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Атсана арнасына сілтеме жасап.
Оралдағы №38 мектеп-лицейдің 8-класс оқушысын жәбірлеген жасөспірімдердің ата-аналары жауапқа тартылды. Осы келеңсіздікке жол берген мұғалімдерге де енді шара қолданылады. Айта кетейік, 9-класс оқушылары өзінен екі жас кіші жеткіншекті әжетханада сабауды әдетке айналдырған. Мұнымен шектелмеген олар күш көрсеткенін видеоға түсіріп, Инстаграмға жариялапты. Баласы таяқтан көз ашпаған баланың ата-анасы тентектерге қатаң жаза қолдануды талап етіп отыр. Өйткені әлімжеттік жасаған жасөспірімдердің ата-аналары кешірім сұрау түгілі, өздерін балағаттаған көрінеді.
"Балам деген уже күнде соққы алып, туалетке кіргізіп ұрады дейді. Күндегісін күнде ұрады дейді. Енді айта алмай тұр ғой бізге бала деген. Әбден Инстаграмға тарағаннан кейін барып айтып тұр ғой. Директор, басшыға да бәріне де айттым. Завуч та бәрі біліп отыр. Екінші рет кешірім беріңізші, үшіншіде қайталанбайды дейді. Менің үшінші рет қайталанатынына көзім жетіп тұр"-дейді жәбірленген баланың анасы.
Орал қалалық білім беру бөлімі құрған комиссия лицейдегі лаңды тексеріп жатыр. Баласы қысым көрген ата-ананың жанайқайына құлақ аспаған оралдық омбудсменнің де жұмыстан кетуі мүмкін. Оралда іссапармен жүрген оқу-ағарту министрі бұл мәселені бір аптада шешуді тапсырды.