Bugin
Фото: pexels.com
Қаржылық сауаттылықты үйрететін блогердің қыз зорлағаны белгілі болды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы stan.kz сайтына сілтеме жасап.
2022 желтоқсанында қыз блогерден қаржылық сауаттылық бойынша кеңес алғысы келген. Duman_neo парақшасымен белгілі Думан Ерқанат толық кеңес беру үшін оны жеке кездесуге шақырған. Қыз криптовалюта айналымы туралы айта бастаған кезде ол есікті кілттеп, қызға зорлық көрсеткен көрінеді. Жәбірленуші бірден шағымданып, сотқа жүгінді. Айтуынша, шешім шыққанға дейін оны аңдып, бопсалағандар болған.
Іс материалдары бойынша, жігіт сотта кінәсін мойындаған.
“Он ай көлемінде оның таныстары мен жақындары мені қорқытып, көлікпен қағып кетеміз немесе қышқыл төгіп кетеміз”, - деп бопсалады. "Көлігіңе есірткі салып, сені ұстатып жібереміз, өзіңді кінәлі етіп, жеңіл жүрісті қыз деген қауесет таратамыз”, - деді. Барлық дәлелдер, дене жарақаттары, сараптамалар бар, тіпті, сотталушының өзі кінәсін мойындады. Сотта жылап, менен кешірім сұрады. Мені бопсалағандары үшін кешірім бермедім”, – дейді А. есімді жәбірленуші.
Қыз осы жағдайдан күйзелісті өткеріп, физикалық және моральдық тұрғыдан қажығанын айтты.
Сонымен қатар тергеу барысында блогер қашып кетпек болып, Қордайдағы Қырғызстан шекарасында ұсталған екен. Сот жабық режимде өткен.
Бостандық аудандық №2 сотының судьясының шешімі бойынша ол кінәлі деп танылып, жәбірленушіге талап арызы үшін 3 миллион 117 мың теңге төлеуге міндеттелді және бес жылға сотталды.
Алайда ол апелляциялық тәртіпте іс қайта қаралып, тергеудің қайтадан басталғанына қыз наразы. Сөзінше, бұл заңсыз.
“Оның адвокаты Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы қызметін атқарған. Судьялар арасында оның бұрынғы әріптестері де бар. Алматы қалалық сотының судьялары ер адам "зорлық" деген ұғымды түсінбегендіктен, сот тергеуін негізсіз қайта бастады. Айыпталушы қазір ақталып шығу үшін қолынан келгеннің бәрін жасауда. Менің жалғыз қалауым – әділдік орнап, зорлаушының жазасын алуы. Ол ақталып шықса, менің өмірім мен денсаулығыма қауіп төнеді, себебі ол менен кек алуға ниетті", – деді қыз.
Қыз ер адамның беделді таныстары көп екенін тілде тиек ете отырып, іске біреудің әсері тиетініне, әділетсіздіктің құрбанына айналып қалуға алаңдаулы.