Bugin
Фото: ашық дереккөз. ҚазТАГ
Маңғыстау облысының мұнайшылары мен теміржолшылары арыз-талап айтып жиналды. "WestOilSoftware" ЖШС жұмысшылары жаппай наразылық акциясы өткен жерде құқық қорғау органдарының арнайы бөлімшелерінің қызметкерлеріне тән киім киген адамдар болған. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі ҚазТАГ ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мұнайшылар өкілі ғаламторда тараған видеода:
"Біз, Маңғыстау облысындағы «WestOilSoftware» жұмысшылары бұған дейін заң аясында өз талаптарымызды қойғанбыз. Ол орындалмай қалды. Осы талаптарды орындамағандықтан, біз конституциялық құқығымызды пайдалана отырып, төтенше шаралар қолдандық. Атап айтқанда, бүгін, 11 желтоқсанда көшеге шықтық", - дейді.
Мұнайшылардың жаппай наразылығы болған жерде қауіпсіздік күштері өкілдерінің киімін киген адамдар бейнеленген видео да таралуда. Таратылып жатқан видеоның сипаттамасында бұл адамдар «арнайы жасақ» деп аталады.
Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы WestOilSoftware компаниясы қызметкерлерінің әрекетіне баға берді. Олардың үш талабының екеуі «еңбек арбитражының отырысында ескертілген» еңбек дауына негіз болып табылмайды деп отыр.
"Жұмысшылардың бір талабы қанағаттандырылды, сондықтан жұмысшылардың ереуілге шығуы еңбек заңнамасына сәйкес негізсіз. Бөлім басшысы аталған кәсіпорын қызметкерлерінің талаптары бойынша еңбек заңнамасының нормаларын түсіндірді. Бұл талаптар дауды шешу және проблемалық мәселелерді шешу мүмкіндігін қарастыру үшін құрылған келісім комиссиясы мен еңбек арбитражының отырысында қаралды. Осылайша, үш талаптың бірі – көліктер мен арнайы техникаларды жаңғырту "ҚазМұнайГаз" және "Мұнай көлік корпорациясы" компанияларының өкілдерімен бірнеше рет талқыланды. 16 қарашада өткен еңбек арбитражының отырысында көпшілік дауыспен "ҚазМұнайГаз" компаниясы ұсынған бағдарлама бойынша көлік техникасын жаңарту талабын қанағаттандыру туралы хаттамалық шешім қабылданды", деп хабарлады ведмоство өкілі .
Сонымен қатар, Маңғыстау облысындағы теміржолшылар да еңбек жағдайын жақсартып, басшылықтың отставкаға кетуін талап еткені белгілі болды.
"Бейнеулік теміржолшылардың талаптарын қолдаймыз", - дейді жаңаөзендік теміржолшылар видеода.
Бұған дейін Бейнеудегі "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" АҚ (ҚТЖ) қызметкерлері тарапынан қысым көрсетіліп жатқанына шағымданып, басшысын жұмыстан шығаруды талап еткен болатын.