ДЕНСАУЛЫҚ

Күнделікті өмірде сақтанатын жұқпалы аурулар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz / Айгерім ӘДІЛХАНОВА

Адамзат үшін оның денсаулығы - ең басты байлық. Алайда ғылыми лабораторияларда кей дертті "биологиялық қару" ретінде ойлап табады. Сондықтан болар, өзге қарулар іспетті жұқпалы ауруларды да адам өмірі үшін аса қауіп төндіретін факторға жатқызамыз. Дегенмен көптеген ауру ауа арқылы супермаркет, қоғамдық көлік, бассейн, дәретхана сынды қоғамдық орындардан таралады. Адамдар айналасынан қандай ауру түрлерін жұқтыруы мүмкін? Бұл туралы Bugin.kz тілшісі зерттеу жасады.

Ауадан жұғатын аурулар

Тұмау. Тұмау тасымалдаушысы аурудың алғашқы белгілері пайда болғаннан кейін екінші күні жұқпалы болады. Ауру ең алдымен жоғары тыныс жолдарына әсер етеді.

ЖРВИ. Симптомдары бойынша респираторлық инфекциялар тұмауға өте ұқсас. Бірақ әдетте тұмауға қарағанда жеңілірек болады.

Дифтерия. Мұрын-жұтқыншақ, трахея, бронх және көру органдарына әсер ететін қауіпті ауру дифтерия деп аталады. Толық сауығып кеткеннен кейін де науқас инфекцияны тарата беруі мүмкін.

Менингококк инфекциясы - миды іріңдеп зақымдайтын күрделі ауру.

Көкжөтел 2-3 аптаға созылатын жөтел. Адамның тілі аузына сыймай, тынысы тарылып, қиналады. Қақырық түскен соң ғана, адамның жағдайы жақсарады. Науқастың жөтелі, тіпті, 2 айға дейін созылуы мүмкін.

Қызылша. Аурудың белгілері алғашқы кезеңде ЖРВИ-ге ұқсас болады. Алайда бірнеше күннен кейін науқастың денесіне қызғылт дақтар шығады.

Скарлатина. Температура кенет жоғарылағаннан кейін (+40 градусқа дейін) денеде бөртпе пайда болады. Науқастың басы ауырып, беті қызарып, жүрегі айниды.

Паротит. Ауру орталық жүйке жүйесі мен сілекей бездерін зақымдайды. ЖРВИ-дің жалпы белгілерінен бөлек, паротиттен мойын мен құлақтың ісіп ауырады.

Қызамық. Бұл аурудың кесірінен, ең алдымен, лимфа түйіндері мен тері (бөртпелер) зақымдалады. Дегенмен температура қалыпты болуы мүмкін.

Полиомиелит - ауа-тамшылы арқылы жұғатын аурулардың ішіндегі ең қауіптісі. Омыртқаның жүйке жүйесі мен миға әсер етеді.

Желшешек. Әдетте балаларға әсер ететін өте жұқпалы инфекция.

Әжетханадан жұғатын аурулар

Сальмонеллез – бұл  salmonella тұқымдас бактериялар арқылы таралатын жұқпалы ауру. Бактерия денеге еніп, сальмонеллез пайда болуы мүмкін. Адамның денсаулығы нашарлап, температура көтеріледі. Құсып, дәретханаға жиі бара беретін болады. Кейбір кезде бұл бактериялар менингит, остеомиелит және сальмонелла пневмониясын дамытуы мүмкін.

Стафилококкты тамақтан улану – токсиндермен ластанған тағамдарды жегеннен пайда болады. Бұл ауруды ауа тамшылары арқылы да жұқтырады. Жоғары тыныс жолдарының стафилококк дертімен ауыратын науқастар (тамақ ауруы, ринит, фарингит) тыныс алғанда, жөтелгенде, түшкіргенде қоршаған ортаға вирусты белсенді түрде шығарады. Стафилококкпен уланудың инкубациялық кезеңі 2-8 сағатты құрайды.

Дәретханада жыныстық жолмен берілетін аурулар. Әдетте адамдар дәретханада жыныстық жолмен берілетін ауруларды жұқтырып алудан қорқады. АИТВ (ВИЧ), герпес, гонорея және басқа да қорқынышты ауруларды қоғамдық дәретханадан өте сирек жұқтырады. Патогенді микроорганизмдер ашық ауада 10 секундтан артық тіршілік етпейді.

Бассейнде жұғатын аурулар

Жіті ішек инфекциялары (ЖІИ) – асқазан-ішек жолы моторикасының бұзылуы, диарея, интоксикация белгілері бар инфекциялық аурулардың кең тобы. ЖІИ қоздырғыштары сыртқы ортада тұрақты болады: ұзақ уақыт бойы қолда, ыдыс-аяқта, ойыншықтарда және тұрмыстық заттарда, науқастың нәжісімен ластанған топырақ пен суда сақталуы мүмкін. Олардың кейбірі бөлме температурасында немесе одан да төмен температурада тамақ өнімдерінде де көбейе алады.

Отит – құлақтың сыртқы есту жолының қабынуы. Бұл құлақ арнасына су кіріп, сонда қалып, бактериялар көбейгенде болады. Сыртқы отит кез келген адамда суда жүзгенде пайда болуы мүмкін. Бірақ бұл ауруды көбене балалар жұқтырып алады.

Легионеллез – Legionella Pneumophila бактериясынан туатын пневмония. Легионеллез көбінесе иммунитеті әлсіреген және созылмалы өкпе аурулары бар адамдарда, сондай-ақ 50 жастан асқан адамдарда дамиды.

P.S. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік. Дерт кең таралып жатқанын естігеннен-ақ бетперде тағайық. Сырттан үйге оралғанда, қол жууды ұмытпаған абзал. Бассейннен соң міндетті түрде жылы сумен душ қабылдаған жөн.