Bugin

1 жыл 4 ай жаза: Түркістан облысында 9-сынып оқушысының өліміне байланысты сот үкімі шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: © ktk.kz

Түркістан облысында 9-сынып оқушысының  өліміне қатысты сот үкімі шықты. Қыздың өліміне екі ауылдасы күдікті ретінде ұсталған еді. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Олар оқушы қызды өзіне ұқсайтын жартылай жалаңаш қыздың суретімен бопсалап, ақша талап еткен. Кейіннен кездесіп, қызды өлтірген.  Олардың біріне 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, екіншісіне жеңіл жаза тағайындалған. Екінші күдікті тек бір жылдан аса мерзімге бас бостандығы шектелген.

Жәбірленушінің ата-анасы өте жұмсақ сот шешіміне қатты ашуланды. Сәуір айында болған қылмыс елді дүр сілкіндірген еді. Түркістан облысы Төрткүл ауылында 15 жастағы Аружан Орынбай пышақталып өлтірілген еді. 17 және 19 жастағы екі жігіт 9-сынып оқушысына ұқсайтын қыздың жартылай жалаңаш суретін тауып алып, одан миллион теңге талап еткен. Түнде Аружанды сөйлесуге шақырып, жанжал кезінде бірнеше жерден пышақ жарақатын салған. Қыздың мәйіті келесі күні үйден екі шақырым жерде каналдан табылды. Сотталушылар кінәлі деп танылды. 19 жастағы жігіт 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал екінші айыпталушы, бұрынғы ауыл әкімінің ұлы бір жыл төрт айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Марқұмның анасы соттың бұл шешіміне ашуланып, үкімге шағымданбақ. Динара Зілғараева:

"Бейбарыс пен Төлеп екеуі сонда болды. Төлеп – бұрынғы әкімнің баласы. Ол сотта тек қызымды үйден шығарғанын айтқанымен, осының бәріне өзі де қатысты. Оған бір жыл төрт ай ғана әділетсіз жаза! Мен сот шешімімен келіспеймін. Ол кімнің баласы болса да, ол тірі! Ал қызым енді жоқ",-деп ашынды.