ДАМУ
Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
Қар жауып, күн суытқан соң, жылы жаққа барып демалуды жоспарлайтындардың саны артады. Көз тартар табиғатымен қоса, тамаша тарихи орындарымен ерекшеленетін елдер көп. Күн шуағынан энергия алып, суға түсуге болатын туристік жерлер де бар. Bugin.kz порталы осы қыста арзан әрі тиімді саяхаттауға болатын мемлекеттер тізімін ұсынады.
Тайланд
Таңғажайып табиғатымен туристердің назарын аударған Тайланд қыс мезгілінде саяхаттауға болатын ең тиімді әрі арзан елдердің қатарында тұр. Саяхат кезінде бұл елдің мәдениеті және дәстүрімен танысуға болады. Әсіресе, саяхатшылар арасында “Пхи Пхи” аралы ерекше танымал.
Тайланд – суға түсіп, түрлі экскурсия жасап, көше тамағы мен теңіз өнімдерінен ауыз тиетін таптырмас жер.
Қыста жағалау жаққа жаңбыр сирек жауады. Ауа температурасы орташа есеппен 25-32 градус болады, теңіз 26 градусқа дейін жылиды.
Артықшылығы:
экзотикалық жеміс пен көкөніс түрлері көп;
визаға өтініш берудің қажеті жоқ;
азық-түлік, киім-кешек және баспана бағасы төмен;
туризм дамыған.
Кемшіліктері:
туристер көп;
лас әрі шулы жерлері бар;
мереке күндері баға айтарлықтай көтеріледі.
Египет
Египет – туристердің сүйікті елдер тізімінде сөзсіз көшбасшы. Тіпті, жазда Жерорта теңізі курорттарымен бәсекелесе отырып, үздік демалыс орындарының тізімінде екінші орын алады.
Күндізгі ауа температурасы +25 градус шамасында болса, ал су + 23 градусқа дейін қызады.
Артықшылықтары:
белсенді демалыс;
ыстық құм;
жануардың түр-түрі бар.
Кемшіліктері:
Ауа райы өте ыстық;
Қымбатшылық.
БАӘ
Біріккен Араб Әмірліктері – өзіне ғана тән ерекше құрылыс жүйесі бар ел. Шыныдан соғылған әсем әрі биік ғимараттары ерекше көз тартады. Болашақтың елі деп аталған бұл ел қыс мезгілінде туристердің сүйікті мемлекетіне айналады. Байлық пен молшылықтың символына айналған Дубайда әртүрлі сауда орталықтары мен қыдыратын орындар көп. Мұнда жаз мезгілінде ауа температурасы 50 градусқа дейін көтеріледі.
БАӘ арзан ел емес, дегенмен бюджеттік нұсқада демалыс орындарын табуға болады. Осы маусымда БАӘ-де 600 АҚШ долларынан басталатын бағаға демала аласыздар.
Артықшылықтары:
отбасылық демалысқа таптырмас жер;
қызмет көрсету сапасы жоғары;
қылмыс деңгейі төмен;
биік әрі сәнді ғимараттары көп;
ерекше стильдегі мейрамханалар;
қымбат брендтік дүкендер.
Кемшіліктері:
Жатын орын мен тамағы қымбат;
Жазда ауа райы өте ыстық
Шри-Ланка
Оңтүстік Азия аймағындағы ең әдемі ел болып саналатын шағын мемлекет – Шри-Ланка. Ежелгі заманнан бері аралда кездесетін асыл тастардың кен орындары мен дәмдеуіштердің көптігі саудагерлер мен теңізшілерді қызықтырды. Қазір туристер мұнда әдемі тау пейзажы мен тамаша жағажайлар үшін келеді. Өзінің екі мың жылдан астам тарихында Шри-Ланка адамзат өркениетінің нағыз мәдени қазынасына айналды.
Артықшылықтары:
қыста ауа-райы тамаша;
виза алу оңай;
өсімдіктердің түрлері көп;
қоғамдық көлік қолжетімді.
Минустары:
өмір сүру және экскурсиялар үшін бағалар қолайлы;
ұшақ көп уақыт ұшады;
туризм дамымаған.
Мальдив аралдары
Бұл махаббат мекені – романтикалық демалысқа таптырмас жер. Көз тартарлық аралдары Мальдивтің атын әлемге танытты.
Мұнда жылы ауа райында белсенді демалыс ұйымдастыруға болады. Су астындағы дайвинг пен кемемен аралды аралау ерекше эмоция сыйлары анық.
Мальдив аралдарына қараша-ақпан айларының аралығында барған дұрыс. Осы уақытта судың түсі қанық әрі ауа райы ыстық болады. Бұл елге ұшып бару, тамақтану, демалу құны қымбат болғанымен, есте қалар демалыс болары анық.
Артықшылықтары:
таза жағажай, таза теңіз;
ауаны ластайтын көліктер аз;
әсем аралдар;
жоғары деңгейдегі қызмет көрсету.
Кемшіліктері:
қымбат баға.