Bugin
Фото: gov.kz
Астана қаласының бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова елордадағы эпидахуал туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
"Елордада күн сайын қызылшаның 35-ке жуық жағдайы тіркеледі. 2023 жылдың наурыз айынан бастап қызылшаның 2 537 бастапқы жағдайы тіркелді. Оның ішінде 806 жағдай расталған диагноз және оның 71 пайызы (570 жағдай) 14 жасқа дейінгі балалар арасында тарап отыр. Науқастардың 9 пайызы (75 жағдай) – жасөспірімдер, 20 пайызы (161 жағдай) – ересектер. Науқастар арасында вакцина алмаған балалардың үлесі 70 пайыз (556) және 24 пайызы – егу мәртебесі белгісіз ересектер. Екпе алып, кейін ауырып қалған балалардың үлесі 6 пайыз ғана. Өкінішке қарай, қызылша жұқтырған науқаспен тығыз байланыста болған адамдардың вакцинадан бас тартқан жағдайлары бар. Қызылшамен ауырғандардың ішінде 48 пайызы немесе 267 бала вакцинацияға сенбегендіктен, 27 пайызы (151) - медициналық қарсы көрсетілімге байланысты, 17 пайызы (98) – екпе жасына жетпеуіне байланысты және 7 пайызы ата-аналарының немқұрайлылығы себебінен вакцина алмаған", - деді ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Сондай-ақ ол қызылшаға қарсы вакцина медицинада кейінгі 60 жыл бойы қолданылып келе жатқанын еске салды.
"Сол себепті мен ата-аналарды балаларына дер кезінде қызылшаға қарсы екпе салдыртуға шақырамын. 6-10 айлық және 2-5 жас аралығындағы балаларға қосымша иммунизация алу қажет", - деді Сархат Бейсенова.