Bugin

Қырғызстан азаматы қазақстандықтардың қонақжайлығының арқасында тірі қалды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

polisia.kz

Павлодар облысында аязда үсік шала жаздаған қырғызстандық азамат Самат Османалиев ерекше жағдайда аман қалды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Polisіa.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Самат Осмоналиев Новосібірден Бішкекке ауыр жүк көлігімен қайтып келе жатқан. Қалқаман ауылының маңында оның DAF автокөлігіндегі дизель отыны қатып, стартер істен шыққан. Ер адам қанша тырысқанымен, көлік оталмаған. Өтіп бара жатқан көліктерден көмек сұрағанымен, тоқтамай кеткен. Павлодар облысында бірнеше күннен бері қатты аяз болып, -40 градус температура сақталып тұр.

"Мен күні бойы жол жиегінде тұрдым, өте суық болды. Суықтың кесірінен дене қызуым көтеріліп, қалтырай бастадым. Ғажайыпқа сенуден қалған едім", - дейді Самат.

Бірақ сол кезде ер адам көк және қызыл шамдары жанып келе жатқан көлікті көреді. Бұл Қалқаман ауылдық полиция бөлімінің патрульдік бригадасы: полиция майоры Рустам Баянов, полиция аға сержанты Махади Терлуев және полиция аға лейтенанты Аманбол Халкей болған. Үш полиция қызметкері тоңып жатқан ер адамға тоқтау себебін және олардың көмегі қажет пе екенін сұрайды. Осмоналиев басынан өткен оқиғаны айтып береді. Содан кейін полиция қызметкері Махади Терлуев ер адамды ауруынан айығып, денсаулығы реттелгенше, үйіне қонақ болуға шақырады.

 "Мен оның үйінде үш күн қонақ болдым. Полиция маған дәрі-дәрмек сатып әперді. Махади отбасы мені емдеді. Әйелі маған дәмді сорпа пісіріп, тез жазылып кетуім үшін күні бойы шай берді. Сондай-ақ полицейлер көлігімді сүйретіп ауылға апарып, жылытып, стартерді ауыстырды. Өзімді жақсы сезінген бойда бірден жолға шығуды жөн көрдім. Егер олардың көмегі болмағанда, мен не боларын білмеймін. Қиын жағдайда қол ұшын созған қазақстандық полиция қызметкерлеріне және олардың отбасыларына шын жүректен алғыс айтамын", - дейді Самат.

Өткен жылы Махадидің әйелі Виктория Терлуева автобус істен шығып, жолда қалып қойған Өзбекстанның 30-дан астам азаматына түскі және кешкі ас әзірлеп тамақтандырған.