Weekend
Ұялы телефонды біраз уақытқа көзден таса жерге тастаңыз
Жүрегі жалындап тұратын кешегі шоқтығы биік жігіттер мен аяулы қыздарымыздың бүгінгі бейнесі көз қуантарлық емес. Тұнып тұрған иллюзия. Өзгенің бақыты. Қызыға, қызғана басылған амал жоқтықтың лайктары. Арагідік өзін салыстыру, төмендету, жек көру сезімдері. Мұңлықтың жасын төгіп ата-аналарын кінәләй жөнеледі. Отбасылық бітіспес конфликт. Шеті мен шегі жоқ мәселе.
Дәл осы сәтте "Instagram" деген өрмекшінің торындамыз. 20 минут бұрын ғана депрессияның құрсауында отырған жас қыз бақытты қалыпты селфи жасап, 40 минут фильтрациямен өңдеп, Instagram-ға жіберу функциясын басып қалды. 12 секунд өтті. Келіп түскені небәрі 3 лайк. "Әдемісің" – деген пікір қалдырыпты бір жазылушы. Қыздың көңіл-күйі әп сәтте өзгеріп сала берді. Енді өмір сүруге болатын сияқты.
Байқаған боларсыз. Миллиондаған Instagram қолданышусында дәл осы рефлекс. Психикалық ауытқу салдарынан мыңдаған жүрек соғуын тоқтатып, қыршын жанынан қиылды. Сөзімізді дәйектеп өтсек. Тұтынушылар әлеуметтік желілердің ішінде адамның жүйке-жүйесіне кері әсері жағынан Instagram-ды ең нашар желі деп бағалады. Ұлыбритания ғалымдары арнайы ұйымдастырылған сараптама нәтижесінен кейін осындай қорытындыға келді.
Корольдік денсаулық сақтау қоғамының зерттеу жұмысына 14 пен 24 жас аралығында 1479 адам қатыскан. Олар ең танымал бес әлеуметтік желіге өз пайдаланушыларына келтіретін зияны бойынша баға берулері керек болатын. "Адам денсаулығы мен хал-ахуалына әсері жағынан Instagram мен Snapchat-тың көш бастап тұруы өкінішті жағдай. Екі платформа да фотосуретке негізделген. Бәлкім, бар мәселе де сонда шығар. Олар өзгенің суреттерін, дене бітімін көріп, өздерін ұсқынсыз санап, іштей күйзеліске ұшырайтын болар" – дейді Корольдік денсаулық сақтау қоғамының басшысы Ширли Крамер.
Корольдік қоғам, сондай-ақ, әлеуметтік желі жасаушыларын, тұтынушыларын ресурстың қызметін шектен тыс пайдаланып жатқаны жөнінде ескертіп отыруды ұсынды.
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Азапқа қалма езбеден.
Абай атамыз, шамасы тегін айтпаған. Бұл жалғанда сізде бар дүние өзгеде жоқ болуы мүмкін. Өзгеде бар дүние сізде жоқ. Салыстырудың қажеті шамалы. Бар деген батпан ғой. Жылтырақтың бәрі жауһар емес. Жылтырамағанның бәрі жыртық емес. Әр адам өзінше ұлы. Жүрегіңізге сүңгіп, түбін көздесеңіз өз меніңізді табатыныңыз шүбәсіз. Эгоистің Мені емес. Жақсылыққа жаны жақынның Мені.
Көзіңізді жұмыңыз. Ұялы телефонды біраз уақытқа көзден таса жерге тастаңыз. Өміріңіздің арнасы дұрыс бағытқа қарай ығысуда. Сізді ұлы қылатын инстаграм желісіндегі жасанды суреттер емес, лайықты іс-әрекетіңіз.