Bugin

Алматы облысында жанармай құю станциясы өртке оранды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: kris.p.m

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында жанармай құю станциясында ірі өрт шықты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматы облысы ТЖД-ның мәліметінше, 14 желтоқсанда сағат 19:22-де ТЖД-ның кезекші бөліміне Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында операторлық автожанармай құю станциясы мен жалпы көлемі 30 текше метрді құрайтын жақын маңдағы цистерналардың өртенгені туралы хабарлама түскен.

"Шақыру орнына ТЖД күштері мен құралдары, барлық шұғыл өзара іс-қимыл қызметтері жіберілді. Өрт сағат 20:15-те 80 шаршы метр аумақта оқшауланып, сағат 21:41-де жойылды. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде өртке жақын орналасқан газ құю станциясына (30 м қашықтықта), минимаркетке (10 м) және тұрғын үй секторына (15 м) оттың таралуы мен жанармай құю цистерналарының жарылуына жол берілген жоқ", - деп хабарлады Алматы облысы ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Өрттің себебінен 1967 жылы туған жанармай көлігінің жүргізушісі зардап шекті, ол орта дәрежедегі термиялық күйік алды. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң, ол ауруханаға жатудан бас тартты.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД-ның 20 қызметкері мен 8 техникасы, аудандық полиция бөлімінің 5 қызметкері мен 2 техникасы, жедел медициналық жәрдем бригадасының 3 қызметкері мен техникасы жұмылдырылды.