Bugin

Қазақстан кей аймақтарында митинг өткізу шарттарын өзгерту көзделіп отыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Pexels.com

Қазақстан кей аймақтарында митинг өткізу шарттарын өзгерту көзделіп отыр, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап. 
Еліміздің кейбір аймақтарында митинг өткізу шарттарына өзгерістер енгізілуі мүмкін. "Ашық НҚА" порталында көптеген қала-аудан әкімдіктері бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруға және өткізуге арналған орындарға қатысты қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді өзгертетін жергілікті мәслихаттардың жаңа шешімдерінің жобасын жариялады.

Егер өзгерістер қабылданса, кей аудандарда бұқаралық наразылық шараларын өткізуге тыйым салынған аумақтардың шеңбері бірден 8 есе артып шыға келмек. Мамандар мұның заң аясындағы рәсімдер екенін айтады.

Бұл құжаттар сонымен бірге:

  • Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібін;
  • Митинг өтетін арнаулы орындардың шекті толу нормаларын;
  • Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды қайта қарайды.

Құжаттар пикет өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекараларын қайта айқындайды. Бұған қоса іргесінде митинг, пикет өткізуге тыйым салынған нысандар қатарынан "Тұңғыш Президенттің резиденциялары" алынып тасталды. Тек ҚР Президентінің резиденцияларына іргелес жатқан аумақтарда наразылық акциясын ұйымдастыруға салынған тыйым сақталды.

Елорданың әкімдігі де "Астана қаласында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды анықтау туралы" мәслихаттың жаңа шешімінің жобасын жария етті.

Онда өзге өзгерістер сыртында, бейбіт жиналыстар, соның ішінде митингтер, шерулер мен пикеттер ұйымдастыруға болатын орындар саны арттырылды.