Bugin
Жол апатынан қаза болған мұғалім мен оқушылар туралы тың дерек шықты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Kazinform сайтына сілтеме жасап.
Оқушылардың өлімінен соң Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі және 141-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқушыларды неліктен полицияның алып жүрмегені тексеріліп жатыр.
Оқушылардың қазасынан соң өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өтті. Онда Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова балалар мінген көліктің неге еш рұқсат алмағаны тексерілетінін айтты.
"Негізінен бұл шара Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығымен республикалық олимпиаданы ұйымдастыру аясында өткізіліп отыр. Министрлік бұйрығына сәйкес аудандық білім бөлімінің міндетін атқарушы арнайы бұйрық шығарған. Бүгінгі ақпаратқа сәйкес Темірастау мектебінен 10 балаға өтініш түскен. 10 баланы Ырғыз ауданына дейін бірге апару үшін мектеп екі көлікке ұсыныс берді, полицияға хабарлады. Бірақ жол апатына ұшыраған бес оқушы мен мұғалім басқа көлікпен шыққан. Енді соның себебі анықталады", - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.
Ақтөбе облыстық Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанның айтуынша, бір оқушының ата-анасы мен жүргізуші туыс болған. Олар өзара келісуі де мүмкін. Жалпы Ақтөбе облыстық Білім басқармасына қарасты мекемелерде 148 автобус бар. Бүгінгі күні Ырғыз ауданы бойынша Ырғыз гимназиясында ғана бір автобус тіркеулі.
"Жалпы балаларды олимпиадаға тасымалдау мәселелерінің барлығы белгіленген бұйрыққа сәйкес білім бөлімдеріне және жергілікті жердегі мектептердің басшыларына жүктелген. Ұйымдастыру кезінде кемшіліктер кетіп отыр. Жалпы балаларды олимпиада немесе қандай да болмасын шығармашылық шараларға қатыстыру үшін арнайы автобустар қаралмаған. Облыстық Білім басқармасына қарасты 148 автобус мектептерден 3 шақырым қашық тұратын балаларды тасымалдауға ғана жұмылдырылып отыр", - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.