Мектеп оқушыларының қысқы демалысы 2023 жылдың 29 желтоқсаны мен 2024 жылдың 7 қаңтарын қоса алғанда 10 күнге созылады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бұл туралы Білім министрлігінің 2023 жылғы 20 желтоқсандағы хабарламасында айтылған.
Мектеп оқушыларының қысқы демалысы мен бос уақытын тиімді өткізу кезінде басқарма іс-шаралар жоспарына "Бірыңғай білім беру бағдарламасын" негізге алуды ұсынады.
Іс-шаралар жоспары мыналарды қамтиды:
- жоғары сынып оқушыларымен және ата-аналармен бірлесіп ғылыми жоба жұмысының мазмұны бойынша ақпараттық-танымдық сабақтар ұйымдастыру, ЖОО оқытушыларымен кездесу, ғылыми жобалар туралы сұхбаттар өткізу;
- "Балалар кітапханасы" жобасын жүзеге асыру аясында "Кітап оқитын адам – табысты адам" тақырыбында оқырмандармен кездесу және оқылған әдебиеттерді талқылау;
- "Ұлттық мектеп лигасы" жобасы негізінде оқушылардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту мақсатында білім беру ұйымдарымен бірлесіп "Ұлттық ойын – ел қазынасы" спорттық ойындарын өткізу;
- "Оқу мектебі" жобасын жүзеге асыру мақсатында "Мен оқыған ертегі", "Адалдық туралы" тақырыптарында оқушылармен әңгімелесу;
- "Ата-ана мектебі" жобасын жүзеге асыру аясында "Қыз намысы – ұлт намысы", "Бала тәрбиесіндегі әкенің орны", "Дарынды отбасылар" тақырыптарында ата-аналар жиналысын өткізу;
- құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті дамыту бойынша іс-шаралар ұйымдастыру.