Bugin
Фото: instagram.com/ Murat Sevaliev
Бельгиялық отбасы асырап алған Жәнібек әлеуметтік желіде жазба жариялап, анасын іздеуін тоқтатпайтынын айтты. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі qaz365.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Туған анамды іздеуіме "Көреміз" бағдарламасының көп ықпалы тиді. Олармен бірге мен өзімнің туған жеріме тұңғыш рет барып, Отанымды көруге мүмкіндік алдым. Осылайша, біз Қостанайға барып, анамды іздеу үшін ұзақ жолға шықтық", – дейді Жәнібек.
Жәнібек соңғы аптада Қазақстанның мегаполисі Алматыда болып қайтқанын, республикалық арнада телебағдарламаға қатысып, көптеген жақсы адаммен танысқанын жазады. Бағдарлама барысында анасы болуы мүмкін деп болжанып отырған бір азаматшадан сынама алынған. Негізі, екі ДНК сынаманың нәтижесін күтіп отыр. Мұның алдында Қазақ радиосының “Бармысың, бауырым?” бағдарламасының көмегімен тағы бір азаматша ДНК сынама тапсырған.
"Сонымен, достар, жақында менің өмірімді өзгертетіндей үлкен жаңалықтар болуы мүмкін. Ал мынау видео еліміздің әсем қаласы мен жүрегі – Астанаға қайтып келе жатқанда түсірілген. Бұл постты жазуымның негізгі себебі: жақында менің өмірім жайлы шығарылым эфирге жол тартпақ. Оны барлығын үлкен теледидардан немесе ютуб арнасынан көруге болады. Егер анамнан ешқандай хабар болмаса, мұнымен тоқтамаймын. Іздеймін, зерттеулерді жалғастырамын. Менімен бірге дұғада болған әрбір адамға шын жүректен алғыс айтамын. Бұл іздеу әлі аяқталған жоқ. Мен анамды сіздердің көмектеріңізбен табамын. Рақмет сіздерге!" – деп жазады ол.