МӘДЕНИЕТ
Фото: Bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек
UFC жауынгері, DAR PRO TEAM клубының спортшысы Шавкат Рахмонов журналистермен кездесіп, Bugin.kz тілшісінің бірнеше сұрағына жауап берді. Ол кездесу барысында Қазақстанға қалай келгені, Өзбекстанда дүниеге келгенінің карьерасына әсері және UFC-мен келісімшартқа отырғанда не сезінгені жайлы айтты.
Шавкат Қазақстанға келгеннен кейін өзін қалай сезінгенін жеткізді.
"1-2 күндей басқаша сезім болды. Шын мәнінде басқа әлемге түскен сияқты болып қаласың. АҚШ-та 2 айдай уақытымызды өткіздік. Сол жақтың ауа райы мен уақыт белдеуіне үйреніп қалдық. Қазақстанда ұзақ уақыт тұрғаннан болар, 1 аптада қайта қалыпқа келдік", - деді ол.
Әлемге әйгілі файтер Шавкат бүгінгі тұлғасын қалай қалыптастырғаны, Өзбекстаннан Қазақстанға көшіп келгенде қандай кедергілер болғаны туралы айтты.
"Өзбекстанда туғаным, Қазақстанға көшіп келгенім карьерама кедергі келтірген жоқ. Барлық адам жақсы болмайды ғой. Кейбір адамдар шын жүректен қолдайды, жанкүйер болады. Кейбір адамдар сүрінгеніңді, жеңілгеніңді күтеді. Құдайдың көмегімен осындай деңгейге жеткеніме қуаныштымын. Тек қана жеңіс керек маған", - деді файтер.
Спортшы – UFC-мен келісімшарт жасаған тұңғыш қазақ. Ол келісім жасаған кездегі сезімін айтты.
"Келісімшарт 2019 жылы жасалды. Біраз уақыт өтті. Қуандым. UFC-мен келісімшарт жасаған тұңғыш қазақстандық болдым. Бірақ маған бірінші болып жекпе-жекке шығу нәсіп етпеді. Пандемия болып кетті", - деп өкінішін білдірді.
Спортшы пандемиядан кейінгі жетістігі туралы ойын жеткізді.
"Құдайға шүкір, жекпе-жекке шықтым, жеңіске жеттім", - деді.