ДАМУ
Фотоколлаж: Bugin.kz / Ғайнижамал Арыстанбек
2023 жылы Қазақстан мен әлемде әртүрлі оқыс оқиға болды. Табиғи апат, тілсіз жаудан, техникалық қателерден талай адам қаза тапты. Bugin.kz порталы биыл әлем назарын аударған ірі оқиғалар мен адамдардың өмірін қиған жантүршігерлік апаттар тізімін ұсынады.
ӘЛЕМДЕ...
Биыл 6 ақпанда Түркия мемлекетінің оңтүстік-шығысында ірі жер сілкінісі болды. Салдарынан 50 мыңға жуық адам қаза тауып, 180 мыңға жуық тұрғын жараланды. Сондай-ақ 6 ақпанда Сирияда жер сілкінді. Сирия басшылығының мәліметіне сәйкес, апаттан 1500-ге тарта адам көз жұмған.
Қазан айында Кенияда жаңбырдан ірі су тасқыны болып, 164 адам қаза тапты. Табиғи апаттан кейін 100 мыңға жуық тұрғын үйлерін тастап кеткен. Мамандар қазанның ортасынан басталған тасқын қаңтарға дейін созылады деп жорамал жасады.
Биыл 7 қазанда Хамас қозғалысының әскерилері Израильге зымыранмен шабуыл жасады. Артынша Израиль армиясы “соғысқа әзірлік” жағдайын хабарлап, 8 қазанда ресми түрде “соғыс” жарияланды. Палестинаның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Газа секторында қаза болғандардың саны 20 915 адамды құрады (27 желтоқсан).
Осы жылдың 18 желтоқсанында Қытайда жер сілкінді. Ресми деректерге сүйенсек, жер сілкінісі Бейжің уақытымен 23:59-да болған. Гипоцентр 10 шақырым тереңдікте орналасқан. Салдарынан 118 адам қаза тапты.
ҚАЗАҚСТАНДА...
Биыл 8 маусымда Семейде орман өртеніп, алапат өрт шықты. Салдарынан 14 адам қаза тапты. Өрттің жалпы аумағы 60 мың гектарды құрады. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Ал 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып белгіленді.
2023 жылы 17 тамыз күні сағат 10:05-те “АрселорМиттал Теміртау” шахтасында конвейер өртенді. Шахтадағы 227 адамның 222-сі эвакуацияланып, 5-еуі қайтыс болды.
2023 жылғы 8 сәуірде Шымкент қаласында қоғамдық көліктің жүргізушісі аялдамаға жетпей, автобустың тежегішін тартпай тоқтатқан. Жүргізушісіз жүріп кеткен көлік алты адамды қағып, 5 адам қайтыс болды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша автобус жүргізушісін кінәлі деп танып, көлік жүргізу құқығынан 7 жылға, бас бостандығынан 5 жылға айырды.
Осы жылдың шілде айында Түркістан облысында жантүршігерлік жол апаты болды. Бәйдібек ауданында аса жоғары жылдамдықпен келе жатқан үш көлік соқтығысқан. Апат салдарынан 10 адам мерт болды: 9 адам тірідей өртеніп, бір науқас ота кезінде көз жұмды. Ал 14 адам ауыр жарақат алды.
Биыл 28 қазанда “Арселор Миттал Теміртау” АҚ-ның Костенко атындағы көмір шахталарында жойқын жарылыс болды. Оқиға салдарынан 46 адам қаза тауып, 28 кенші жарақат алған еді. Бұл – биылдыққа осы шахтада тіркелген екінші апат. 29 қазан Жалпыұлттық Аза тұту күні деп белгіленді.
Биыл 30 қарашада Алматыдағы хостелдердің бірінде өрт болды. Оқиға орнынан 13 адамның денесі табылды. Қаза тапқандардың тоғызы – қазақстандық, қалғаны – шетелдіктер.
22 желтоқсанда Алматыда №47 қоғамдық көліктің жолаушысы көлік жүргізуші әйелді ұрып талдырған. Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, тағы 4 адам дене жарақатын алды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қаза болғандардың екеуі – ерлі-зайыпты жандар. Олар мұғалім болып қызмет атқарған. Ал үшінші адам оқиға кезінде соғылған ақ көліктің жүргізушісі болған.