Bugin
Фото: КТК арнасы
Айдос Әлменбаев Алматыда автобус астында жаншылып көз жұмды. Ол отбасының жалғыз асыраушысы болған. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, үш баласымен жалғыз қалған ана әділдік іздейді. Айдостың қарт әкесі баласының енді қайтып келмейтініне сене алмай отыр. Марқұм Айдос отбасының жалғыз асыраушысы болған. Ол микроавтобус айдап, күнделікті нәпақасын тауып жүрген. Апат болған күні Райымбек даңғылының бойындағы аялдамаға тоқтап бой жазбақ болады. Көліктен түсе бергенінде қоғамдық көлік қағып өтеді.
Марқұмның әкесі Қыдырғали Әлменбаев баласының өлімі жайлы айтты.
"Егер баламның автобусы тұрмағанда, аялдаманың ішіне кіргенде, білмеймін, қанша адам қырылып, жаяу жүргінші жолдың ішіне кіріп кететін еді. Сол баламның спринтері қанша өмірді сақтап қалды. Көзі шығып кеткен. Жарты басы жоқ. Қолы сынған. Денесінің сау жері жоқ. Машинасын жасап шыққанына екі-ақ күн болған", - деді.
Қатты қайғырған отбасына марқұмның денесін тану оңайға соқпаған. Қатты соққыдан басының сау-тамтығы қалмапты.
"Сараптама басы жарылған деді. Білмеймін, айта алмаймын, анау адамның маған түрі таныс емес. Қолын ашып берді, аяғын ашып көрсетті. Сол екеніне көзім жетті. Әлі де сенбейміз, шын айтқанда. Ипотекамызды да төлеп отырған. Бағып-қағып отырған. Екеуі де кінәлі болып отыр. Мен айта алмаймын, бір адам кінәлі деп", - дейді жұбайы Айнұр Құсайынова.
Отағасының артында шырылдап үш қызы қалды. Екеуі де кәмелетке толмапты. Ең үлкені – 19, екіншісі – 12, үшіншісі небәрі төрт жаста. Әсіресе, кішкентайы жатса да, тұрса да әкесін іздейді. Қара жамылған отбасы апатқа автобус жүргізушісінің тікелей қатысы барын айтады. Әйелдің де жауапқа тартылуын талап етіп отыр.