МӘДЕНИЕТ
Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
Жаңа жыл – әрбір адамға көтеріңкі көңіл күй мен қуаныш сыйлайтын ерекше мереке. Бұл ғажайып күнді атап өтудегі ең ұтымды тәсілдердің бірі – тылсым атмосфераға толы фильм көру. Bugin.kz порталы халықаралық кино күніне орай жаңа жылда көретін фильмдер тізімін ұсынады.
Мерекелік күнтізбе (The Holiday Calendar, 2018 жыл)
Бұл жұмбақ фильмде жас фотограф Эббидің басынан кешкен оқиғалары баяндалады. Бойжеткенге атасы рождестволық сый ретінде ескі ағаш күнтізбені береді. Оның бірқалыпты, қызықсыз өмірі осы сыйдан кейін түбегейлі өзгереді. Сөйтсе, дарынды қыз болашақты болжай алатын ескі күнтізбені атасынан мұра етіп алған екен.
Сиқырлы сыйлық оның өміріне қандай өзгеріс алып келеді?
Құпия (Secret, 2007 жыл)
“Құпия” – Мидори есімді қыздың кітапханадан жұмбақ кітап тапқаны жайлы жапондық фильм. Туындыда кейіпкер жан дүниесіндегі тілектерін кітапқа түсіреді. Аталған фильм көрерменді еріксіз тылсым атмосфераға жетелейді.
Мидоридің жазған тілектері расымен орындала ма?
Сатылымдағы Санта (Rare Exports, 2010 жыл)
Финдік фильм Санта-Клаус туралы өмірдегі түсініктерді өзгертуге бағытталған. Оқиға Лапландияда өтеді. Онда тұрғындар түрлі жұмбақ оқиғаларға тап болады. Бірде балалар жоғалып кетсе, енді бірде Аяз Атаға қатысты ежелгі жәдігерлер кенеттен пайда болады.
Туынды ертегі кейіпкерінің ерекше мифологиясына шолу жасау арқылы мерекедегі дәстүрлердің мән-мағынасына үңілуге түрткі болады.
Санта туралы біз білмейтін тағы қандай тылсым құпиялар ашылмақ?
8 әйел (8 Femmes, 2002 жыл)
Француз фильмі алғашқы минуттардан-ақ көрерменді қызық интрига және құпиясымен баурап алады. Детектив комедия сегіз әйелдің отбасы мүшелерінің кенеттен біртіндеп жатын бөлмеде өлі күйінде табылғанынан басталады. Тергеу барысында кейіпкерлер логиканы іске қосып, күш біріктіруінің арқасында көптеген құпияны ашады.
Сіздің ойыңызша, сегіз әйел қандай құпия жасырып жүр?
Демалыс (Holidays, 2016 жыл)
Антологиялық фильмде Хэллоуиннен Валентин күніне дейінгі мерекелер жайлы баяндалады. Осы қуанышты күндердің артында жасырылған жұмбақтарға байланысты түрлі қорқынышты оқиғалар көрсетіледі. Фильм өзіміз мағынасына үңілмей тойлай беретін әрбір мерекеге тың көзқараспен қарауға ой тастайды.
Ал сіз өзіңіз асыға күтетін мерекелердің құпиясын ашуға дайынсыз ба?
Материал авторы: Бану Әбдіғалиева