Bugin
Фото: видеодан кадр
Ішкі істер министрлігі қысқы демалыстың басталуына байланысты ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Үндеуде жаңа жылдық демалыс кезіндегі балалардың қауіпсіздігі туралы айтылған.
"Құрметті ата-аналар! Қазіргі уақытта есірткі кез келген отбасының өміріне еніп, зиянды әсер етуі мүмкін. Биыл полиция есірткі таратуға қатысы бар 40-тан астам кәмелетке толмаған баланы ұстады.
Қысқы демалысқа байланысты Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балаларының өміріне барынша жауап беруге шақырады. Себебі баланың есірткіге қарсы "иммунитетін"қалыптастыруда отбасының рөлі маңызды", - деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.
Оның айтуынша, ата-аналар балаларының ортасын біліп, олар пайдаланатын интернет-ресурстарды қадағалағаны абзал.
"Балаңыздың заттарының арасында кез келген дәрі-дәрмек қаптамалары, фольга, шыны түтіктері, тамшуырлар кездессе, мұқият болыңыз. Мұның бәрі синтетикалық есірткіні қолдануға арналған құрал бола алады. Ақша шығынына немесе керісінше оның көбеюіне назар аударыңыз. Себебі есірткіні қолданудан басқа бала тез арада көп табыс табу мүмкіндігіне қызығып, оны таратуға қатысуы мүмкін", – деді Бақытжан Әмірханов.
Естеріңізге сала кетейік, есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан, есірткіні сатқаны үшін 14 жастан басталады.