Bugin
Фото: depositphotos.com
Иранда "күйеуін өлтірді" деп айыпталған әйел өлім жазасына кесілді. Ол өзіне жаза кесілгенше 10 жыл түрмеде отырған. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі BBC ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Иранда күйеуін өлтіргені үшін өлім жазасына кесіліп, он жыл түрмеде отырған Самира Сабзиан дарға асылды.Ол ел арасында “бала келін” атымен танылған. Ол – 2023 жылы Иран билігі өлім жазасына кескен он сегізінші әйел.
Норвегияда орналасқан Иран адам құқықтары ұйымының (IHR) хабарлауынша, өлім жазасы Тегеран маңындағы Карадж қаласында орындалған. Елдегі ең үлкен түрмелердің бірі Гезел Хесар түрмесінде 29 жастағы Самираның жаны үзілген.
Иран баспасөзі бұл туралы жазбайды. Билік тарапынан да ресми растау жоқ.
Самира 15 жасында тұрмысқа шығып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Бұл деректі “бала келіннің” туыстары растаған.
19 жасында ол күйеуін өлтірді деген айыппен қамауға алынды. Сот оны бірден өлім жазасына кесті, бірақ оның орындалуы бірқатар бюрократиялық себептерге байланысты кейінге қалдырылды.
Тұтқындалған кезде оның екі баласы (біреуі нәресте) болды. Самираға үкімет балаларын соңғы он жылда бір-ақ рет көруге рұқсат берген. Әйел тек өлім жазасына кесілер сәт жақындағанда балаларын көре алған.
Amnesty International құқық қорғау ұйымы келіссөздер арқылы жас әйелдің өмірін сақтап қалу үшін жылдар бойы күресіп келеді.
Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің орынбасары Тарик Ахмад өлім жазасына кесу қарсаңында әлеуметтік желіде:
“Сәмира балалық шақтағы некенің құрбаны болды. Иран әйелдер мен қыздарға деген сұмдық әрекетін тоқтатуы керек”, - деп жазды.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, соңғы уақытта Иранда өлім жазасына кесілгендер саны айтарлықтай артқан, тек биылғы жылдың қараша айында ғана 115 адам өлім жазасына кесілген.
Самира Сабзиан 2023 жылы өлім жазасына кесілген 18-ші әйел болды. Бұл қорқынышты статистика дейді құқық қорғаушылар.
Салыстыру үшін, IHR мәліметтері бойынша 2010-2021 жылдар аралығындағы 11 жылда 164 әйел өлім жазасына кесілген.
Ұйым бұл шын мәнінде белгілі жағдайлар екенін және нақты көрсеткіш жоғары болуы мүмкін екенін, бірақ мұны ескерсек те, динамика қорқынышты екенін айтады.
Өлім жазасына кесілген ирандық әйелдердің 66%-ы күйеулерін өлтірді деп айыпталған. Иран заңы бойынша, әйел отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болса да, ешбір жағдайда ажыраса алмайды.
Иранның заң жүйесінде әйелдерге қатысты адам өлтіру немесе құмарлықтың қызуында кісі өлтіру сияқты нюанстар жоқ, қылмысқа апаратын жағдайлар да ескерілмейді. Олар тек сотталады.
Өлім жазасына кесілген әйелдер ата-анасының қолдауынан айырылады.