Bugin

Су басқан жолдың кесірінен науқасқа жедел жәрдем көлігі жете алмады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Видеодан скриншот. tengrinews.kz

Үш жасар қыз белгісіз затты жұтып қойған. Өзен арнасынан асып кеткендіктен жедел жәрдем дәрігерлері оқиға орнына жете алмады. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Көкбұлақ ауылында болған. Қаңтардың 1-і күні кенеттен жылынудың салдарынан Сағыз өзені арнасынан тасып негізгі жолды басып қалған. 

Осы кезде ауылдағы үш жасар қызға шұғыл медициналық көмек қажет болды. Ол бөгде затты жұтып қойған, ата-анасы жедел жәрдем шақырған. Бірақ бригада өзендегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты елді мекенге жете алмады. Нәтижесінде ауыл тұрғындары шешуші шара қолданып, судың ағынына қарамастан, баланы ауыр жүк көлігімен өзеннен өткізген.

Олар ағаш тақтай төсеп, қызды қолдарына алып жедел жәрдемге жеткізген. Ауыл тұрғындары енді мұндай тәуекелге барғысы келмей, оларға көпір салуды сұрайды. Алайда әкімдік бұл шағын ауылға экономикалық тиімді емес деп есептейді.