Bugin
Фото:БҚО Төтенше жағдайлар департаменті
Орал қаласының Сырым Датов көшесінде орналасқан дәмханада жарылыс болды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми мәліметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жарылысқа байланысты 101 пультіне 4 қаңтарға ауған түні сағат 02:07-де хабарлама түскен.Алдын ала болжам бойынша газ-ауа қоспасының жарылысы нәтижесінде ғимараттың 110 шаршы метр аумағы қирап, 25 шаршы метр аумақта өрт болған.
Облыстық ТЖД таратқан мәліметте:
"Өрт сөндірушілердің күшімен өрт сағат 02:40-та жойылды. Оқиға орнында №1 МӨСБ, № 2 МӨСБ, № 8 ӨСБ, № 5 ӨСБ, өрт сөндірудің кезекші қызметі, жеке құрамнан 39 адам және 13 техника бірлігі, жедел құтқару жасағынан құтқарушыларынан 8 адам және 2 техника. Жедел медициналық жәрдем бригадасы 18 адам, 6 бірлік техника, полиция департаментінен 28 адам, 7 бірлік техника жұмылдырылды", - делінген.
Оқиға орнында Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен жедел медициналық жәрдем күштері жұмылдырылды. Қазіргі уақытта ТЖД күштерімен қираған құрылымдардың астынан 6 адам табылып, құтқарылды. Оның 5-і медициналық мекемелерге жеткізілді. 1 адам ауруханаға жатудан бас тартты. Оқиға орнында 2 адам қаза тапты. Адамдардың жеке басы анықталуда. Үйінділердің астында әлі де адамдар болуы мүмкін.