ТӘРБИЕ
Фото: Bugin.kz/Айгерім Әділханова
Тағдыр – адам қабылдаған шешімдер жиынтығы. Дегенмен ол шекараға біреулер қабылдаған шешім де енуі мүмкін. Жыл сайын дүние жүзіндегі миллиондаған ерлер, әйелдер мен балалар заңсыз сауданың құрбанына айналады. Адам да тауар сияқты, жыныстық немесе еңбек құлдығы үшін сатылады.
10 қаңтар – Адам құқығы күні. 1948 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы адам құқығы туралы Жалпыға ортақ декларация қабылдады. Осы атаулы күнге орай Bugin.kz тілшісі адам саудасына түскен қилы тағдырлар туралы материал ұсынады.
Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) тұрақты өкілдігі құл еңбегі жыл сайын 150 миллиард доллар заңсыз табыс әкеледі деп есептейді. Оның үштен екісі (99 миллиард доллар) жыныстық құлдықтан келеді.
Бұл цифрлардың артында тұрған адамдар кімдер? Нигериялық Кеми мен Биликису, британиялық Джейн және америкалық Габби адам саудагерлерінің қалай тұтқынға алғаны жөнінде баяндайды.
Кемидің тағдыры. Нигерия
Батыс Африкада құлдыққа түсетін адамдардың тағдыры Еуропаға сатылумен аяқталады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (UNODC) осы тақырыпты зерттеген. Батыс Африкадағы адам саудагерлерінің құрбандарын негізінен Нигерияда, Батыс Еуропада жезөкшелікке мәжбүрлеген.
Нигерияның оңтүстігіндегі Бенин қаласы – адам саудасын жасайтын орталық.
Онда адам саудагерлері “шетелде жұмыс істеу” немесе “білім алу” деген ұсыныстармен адамдарды құрығына түсіреді. Жәбірленушілерге жалған құжаттар ұсынады. Олар уәде етілген елге жеткенде ғана транзиттік төлемдерді төлеу керек екенін айтады.
Осыдан кейін қыздарды мәжбүрлеп, түрлі жұмыстарға жегеді. Бұрын Бенин қаласында қыздарды құлдыққа сатқан бір әйел саудагерлер құрбандарынан киім, басы мен қолтығынан түк алу арқылы қорқытқанын айтады. Олар арнайы бақсы рәсім жасағандықтан, қорқып, мойынсұған. Бұрынғы құл саудагері:
"Дәстүрлі рәсім үшін киімі не денесінен түк алған кезде, қыздардың бойын үрей билейді", - дейді.
Кеми Италияда жыныстық құлдыққа сатылады. Ол да – саудагерлердің уәдесіне сенген қыздардың бірі. Оған Италияда жұмыс және жаңа өмір – отбасына көмектесу үшін қажет нәрсенің бәрі уәде етілген.
"Олар маған "біз саған өміріңді өзгертуге көмектесеміз, біз тек сенің бақытыңды қалаймыз" деп айтты", - дейді ВВС-ге сұхбат берген бойжеткен.
Италияға келгенде, Католик шіркеуіне адал Кеми Еуропадағы жаңа өмірінің шындықтары оған уәде етілгеннен өте алыс екенін тез түсінді. Өйткені оған жезөкшелікпен айналысу керек екенін айтқан. Басында ол бас тартқанымен, телефонын тартып алып, аш қалдырғаннан кейін амалсыз мойынсұнған. Бұйрықтарды мүлт жібермей істей бастаған.
Оған үш жыл үш ай жұмыс істеуге тура келген. Осы уақыт ішінде Кеми саудагерлерге 27 000 еуро (30 000 доллар) төлеген. Олар бұл ақшаға қанағаттанбаған.
Кейіннен Кеми батылдық тауып, достарына қашып кеткен. Алайда Италия билігі оны туған жері Нигерияға депортациялады.
Кеми туыстарына осы күйінде барудан бас тартқан. Үйіне қайтудан ұялған.
"Еліме ештеңесіз оралуға ұялдым", - дейді қыз көзіне жас алып.
Тағдыры тәлкекке түскен Кеми адам саудагерлерін жек көреді.
"Олар – жаман адамдар. Мені Италияға жіберген әйелдің екі қызы бар. Ол қыздарын менің денеммен тапқан ақшаға ең жақсы мектептерге оқуға береді", - деп қынжылды.
Билкису мен Джейннің басынан кешкені. Англия
Адам саудагерлері кедей елдердегі аңғал жас қыздарды жемтік қылады. Нигериядан сатылған жүздеген қыз Ұлыбританияда жыныстық қанауға немесе үй құлдығына салынады.
Билкису – Нигериядан Ұлыбританияға алдап алып келген қыздардың бірі. Ол бар-жоғы 15 жасында күңге айналды.. Жасөспірім таңнан кешке дейін он жылға жуық жалақысыз жұмыс істеген.
Оған нағашысының үйінде тұрып, Ұлыбританияда білім алатынын уәде еткен. Тіпті еңбек етіп, үйіне ақша жіберуге болатынын айтқан. Қыз Нигериядан Ұлыбританияға жақсы өмір сүру үшін келген.
Алайда ол Ұлыбританияда нағашысының үйінде ақысыз қызметші және күтуші болды. Таңғы 05:00-де жұмысқа кірісіп, кешкі 21:00-ге дейін қолы босамай еңбек ететін.
"Балаларды мектепке жіберу, оларды жуындыру, таңғы асын беру, киімдерін үтіктеу керек. Сондай-ақ апам мен ағама да киім дайындау қажет. Өйткені олар жұмыста жақсы көрінуі керек", - деп сипаттады қыз өзінің жұмыс күнін.
Билкису күні бойы туыстарының төрт бөлмелі үйін жинастырыпты. Нағашысына бірдеңе ұнамаса, қызды ұратын болған.
"Мен жалғыз болдым... Білесіз бе, тұңғиыққа құлағандай сезімде болдым. Онда жарық жоқ, тек түнек жайлаған. Мен үшін өмірім солай болды", - дейді қорлық көрген қыз.
Билкису нағашысының отбасында жұмыс істеген тоғыз жыл ішінде бір де бір күн бос болмаған әрі бір тиын ақы алмаған.
Кейіннен, жасы 20-дан асқан кезде, қыз қашуға бірнеше рет әрекет жасайды. Жергілікті шіркеудің діни қызметкері оған үй құлдығынан құтылуға көмектескен.
Бірақ балалық шағы ұрланған бойжеткенге әлі күнге дейін құрбыларымен тіл табысу қиынға соғады.
"Мен енді қалай дос табу керегін білмеймін. Мен көрген әділетсіздік әлі күнге дейін жанымды сыздайды", - деп қайғырады ол.
Қолдан қолға өту
Англияда саудагерлердің құрбаны болған көптеген бала ел ішінде сатылады. Британ үкіметінің бағалауы бойынша, қазір 13 мың бала құлдықтың қамытын киіп жүр.
Джейн 13 жаста алғаш рет зорланады. Содан кейін оны ер адамдар жыныстық құлдыққа сатады.
Оқиға оның мектеп оқушысы кезінен басталды. Баланың отбасылық қиыншылықтарын жақсы білетін 70-тен асқан ер адам оған сыйлықтар ұсынып, көлігімен серуендетеді.
Кейіннен ол өзінің жомарттығы үшін төлем ретінде оны зорлап бастайды. Уақыт өте келе қызды Азия қауымдастығындағы басқа еркектерге сата бастаған.
Құрбан басында ер адам өзімен жыныстық қатынасқа түсіп, есірткі беріп, жалаңаш суретке түсіргенін айтады. Алайда кейіннен жәбірлеушінің қалауы көбейе береді.
"Бірнеше аптадан кейін мен жыныстық қатынасқа түскісі келетін ер адамдармен қамалып қалдым. Олар барлығын видеоға, суретке түсірді, маған есірткі берді", - деп сұмдық оқиғаны еске алады құрбан.
Кейіннен Джейн ойын-сауық үшін елдің әр түкпірінен келген ерлердің басқа топтарына сатылған. Ер адамдар жанармай құю бекеттерінде кездесіп, қызды бір көліктен екінші көлікке өткізген.
Ол қарсылық көрсеткенде, ер адамдар оны ұрып-соғып, отбасын өлтіреміз деп қорқытқан. Қыз ол туралы:
"Олар мені көліктен лақтырып жіберді. Шашымды өртеп, бетімді кесіп тастады. Үстіме бензин құйып, өртеп жібермек болды", - дейді.
Джейн қазір бас сүйегінде, мұрнында және ішкі ағзасында көптеген жарақат барын айтады.
"Мен басымнан өтіп жатқан оқиғалардан да қорықтым. Ерте жаста басталғандықтан да, мен осы тағдырға лайық екеніме сенген болуым мүмкін", - деп күрсінді құрбан.
Джейн тоғыз жыл бойы зорлық көреді. Кейде күн сайын зорланса, кейде бірнеше айлық үзіліс болған. Оның басынан кешкеніне полиция да, әлеуметтік қызметкерлер де сенбейді. Құтқарушыларға хабарласып, ақыры бостандыққа шығады.
"Мен ешкімге ештеңе түсіндіре алмас едім. Бірақ олар бәрін түсінді. "Сіз ештеңеге кінәлі емессіз, біз сізге көмектесеміз" деді", - дейді ол.
Джейн көмек шақырған соң, екі сағаттың ішінде көлік келіп, қауіпсіз жерге алып кеткен.
Габби көрген қорлық. АҚШ
Құлдық АҚШ-та да кең таралған. Америкада мыңнан аса бала адам саудагерлерінің құрбаны болып, жыныстық құлдыққа сатылады. Федералдық тергеу бюросы (ФБР) елдегі балаларды қанау "эпидемиялық деңгейге" жеткенін айтады.
Балтимор қаласының тұрғыны Габбидің айтуынша, оны қорлау өз отбасынан басталған. Алғаш зорлық-зомбылық жасаған оның әкесі екен. Ол Габбиді небәрі сегіз жасында зорлаған. Қыз 12 жасқа толғанға дейін отбасындағы зорлықтың құрбаны болған. Оның айтуынша, осы жағдай кейін ерлермен қарым-қатынасына әсер еткен.
"Мен жыныстық қатынас арқылы қалаған немесе қажет нәрсені алуға болатынын өте ерте білдім", - дейді ол.
Габбидің айтуынша, ол есірткіге тәуелді болған. Өзін жезөкше ретінде саудалайтын нашақор жігітке ғашық болған.
"Мен тіпті өмірім туралы ойланбадым. Өйткені жігітімнің менімен бірге жүргені көмектескені ғой деп ойладым. Мен оған сендім. Ол күдікке ілінбеу үшін, мені "тәтті өтірікке" сендірді. Мен өмірді тек ол құрған жоспарлар шеңберінде сүрдім",-деп айтты.
Габби жігітінің өзіне жеңгетай болғанын ерсі қабылдамаған.Ол наша алу үшін сутенерлерге денесін қолдануға беретін қыздарды көп көрген. Сондықтан бұл жағдаят оған қалыпты болған.
"Тән саудагері көлігімен белгілі бір қиылыста отырады. Ол құрбанын жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Жігітімнен қорқып, қашып кете алмадым. Білесіз бе, мен тәнімді еріксіз сатып жүргенімде өзіммен тағдырлас бес қыз көрдім. Онда қыздар бір мезгілде жұмыс істейді",-деді ол.
Бүгінде Габби жезөкшелікпен айналыспайды, жігітінен де құтылған. Психологиялық жарақатын емдеу үшін психотерапиядан өтіп жүр. Габби бұған дейін өмірі астаң-кестең болған талай жас қызды көргенін айтады. Олардың қорқып, бостандыққа шыға алмай жүргенін жеткізеді.
"Көбіне олар бір қорлық көрген жағдайдан екіншісіне өтіп, өмірін жалғастыра береді. Көмек қолын созатын адамды кездестірмейінше, тұңғиыққа құлағанын түсінбейді" - дейді Габби.
Дереккөз: BBC агенттігі