Bugin

Алматыдағы автобус апаты: Соққыға жығылған жүргізуші қиын жағдайын айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Видео скрині

Алматыдағы автобус апатында соққыға жығылған жүргізушінің үстінен қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Әлеуметтік желіде жүргізуші әйелдің сұхбаты тарады. Сұхбатта жүргізуші өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтады. 

"Мен қаза тапқан адамдардың отбасына көңіл айтамын. Менің ешқандай арам ойым болған жоқ. Жауыма да мұны тілемес едім. Мен өзімді кінәлі деп есептемеймін. Өйткені жолаушы мені талып қалғанша соққыға жықты.  Ауруханада жатқан кезде екі тергеуші келді. Екеуі де менің кінәмнің жоқ екенін айтқан болатын.

Ауруханадан шыққаннан кейін менің үстімнен ауыр бап бойынша іс қозғалғанын біліп отырмын. Мен жалдамалы пәтерде тұрамын, екі балам бар. Еңбектеніп жүрген қарапайым адаммын. Ешқашан сөгіс естіп көрмегенмін. Егер маған соққы жасалмаса, бұлай болмас еді. Әділ шешім шығады деп үміттенемін", – дейді автобус жүргізушісі.

Әрі қоғамда әйелді айыптап жатқандар бар екенін айтты.

"Бәрі маған неге жолаушымен тартыстың деп айтып жатыр. Мен онымен тартыспадым, тіпті көп сөйлескен де жоқпын. Оған қараған да жоқпын, жолға қарап бара жатқанмын. Автобусыма күніне мыңдаған адам кіріп, шығады. Тура сол кезде аса қауіпті көпірден өтіп жатқанмын. Ес жиғанда автобус көпірден құлап кетті деп ойладым. Мен ауруханада ғана не жағдай болғанын білдім”-дейді жүргізуші әйел.