Bugin
Фото: КТК кадрынан скрриншот
Алматыда екі ұлын пышақтап өлтірген әкеге қатысты тың мәліметтер белгілі болды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұмдардың туыстары күдікті мұндай қылмысқа қызғаныштан барғанын айтып отыр. Өйткені ерлі-зайыпты жиі жанжалдасқан. Жұп тіпті ажырасуға дейін барыпты. Ақыр соңында күйеуі бүкіл өкпе-назын қағаз бетіне түсіріп, балаларын өлтіріп, өш алмақ болыпты. Қайғылы оқиға Райымбек даңғылы мен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы көпқабатты үйде болған.
Өткен аптада туған әкесі №30 пәтерді бір тәулікке жалдап, өзінің екі баласын кіргізеді. Болжам бойынша сол үйде балаларын пышақтап тастаған. Өлерінде жанұшыра шыңғырған балайқалардың дауысын көршілер естіпті. Бірақ ешкім айтарлықтай мән бермеген. Өйткені бұл пәтер жалға берілетін болған соң, адамдар түрлі мақсатта қолданған.
Жалға берілген пәтердің көршісі Валерий:
"Бұл пәтер сағатына да, тәулігіне де беріледі. Әйтеуір түрлі адамды көреміз. Ылғи у-шу. Жалға алушылар шыңғырып, неше түрлі істейді. Иесі өз пәтерін бақылауда ұстамауынан осындай оқиға болып отыр",-дейді.
Әкесі мен балаларының бір дастарқан басында отырған суретіне қарап, бұлай болады деп ешкім ойламаған. Кішісі Рафаэльдің небәрі 9 жаста болған. Үлкені Ринат 12 жаста. Сол күні әкесі менингитпен ауырған кіші баласын ауруханаға апарамын деген желеумен үйден алып кеткен.
Марқұмдардың әжесі Валентина Осина:
"Пәтерде ол балаларды тамақтандырып, теледидарды қосып берген. Өзі 3-4 бет хат жазған. Осыдан кейін ұлдарына кіріскен. Біреуінің аузынан құлағына дейін кесіп тастаған. Екеуінің мойны кесілген. Көршілер бір баланың балконға шығып "көмектесіңдер" деп айқайлағанын естіген екен. Ақыр соңында өзіне пышақ сұғып, жансақтау бөліміне түсті. Қазір ауруханада жатыр",-деді.
Мұндай әрекетке баруын марқұмдардың әжесі қызғаныштан ба деп күдіктенеді. Өйткені қызы мен күйеу баласының арасындағы жанжал таусылмаған. Осыдан 9 жыл бұрын ажырасыпты. Бірақ заңды түрде ажырасса да, экс-күйеу баласы үйден кетпей қойды деп отыр. Соңында тіпті қайда, кіммен жүргенін бақылап отырған.
Өз баласын ажал құштырған 38 жастағы ер адамның тұрақты жұмысы болмапты. Әйелінің арқасында күн көріп жүрген дейді. Жұбайы мейірбике болып жұмыс істейді. Қазір аталмыш оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.